Орталық Азия стартаптары үшін халықаралық IT-хаб Дубайда ашылады

Орталық Азия стартаптары үшін халықаралық IT-хаб Дубайда ашылады

21–25 сәуір аралығында Біріккен Араб Әмірлігінде Dubai AI Week – жасанды интеллектіні дамыту, реттеу және түрлі салаларда қолдану мәселелеріне арналған ең ірі шаралардың бірі өтуде. Astana Hub пен IT Park Uzbekistan-ның Central Asian Innovation Hubs біріккен альянсы Қазақстан мен Өзбекстанның 5 стартабын ұсынды.

Қазақстан делегациясын Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев бастап келді. Central Asian Innovation Hubs көрме алаңында өңірдің үздік жасанды интеллект жобалары – Qalan, Arlan Biotech, Dereknet, Growz және Unitlab стартаптарын таныстырып, инвесторлар мен халықаралық корпорация өкілдерінің назарын аударды.

Dubai AI Week аясында Astana Hub, IT Park Uzbekistan, DIFC Innovation Hub және Al-Farabi Innovation Hub өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Осы келісімге сәйкес, 2025 жылдың күзінде Дубайда халықаралық хаб пен акселерациялық бағдарлама іске қосылады. Жаңа бастамалар қазақстандық және өзбекстандық стартаптарға Таяу Шығыс пен Солтүстік Африка (MENA) нарығына шығуға жол ашып, капиталға, инфрақұрылымға және менторлық қолдауға қол жеткізуге жағдай жасайды.

«Өзбекстанмен ынтымақтастықта ашқан төрт технологиялық хаб бүгінде АҚШ, Сингапур, Сауд Арабиясы мен Ұлыбританияда жұмыс істеуде. Бұл орталықтар Орталық Азия стартаптарының әлемдік нарыққа шығуына жол ашты. Енді біз цифрлық экономикасы қарқынды дамып жатқан Біріккен Араб Әмірліктерінде өкілдік ашуды жоспарлап отырмыз. Дубай стартаптарды ауқымды дамытуға, инвестиция тартуға және стратегиялық серіктестіктер орнатуға ерекше мүмкіндік ұсынып, қазақстандық технологиялық компаниялардың өсуіне ықпал етпек», – деді Astana Hub бас директоры Мағжан Мәдиев.

Меморандум аясында инновациялық бағдарламалар мен стартап негізін қалаушыларға арналған білім беру тректері әзірленіп, мемлекеттік және жеке сектор арасындағы серіктестікті кеңейтуге, сондай-ақ білім мен тәжірибе алмасуға бағытталған іс-шаралар ұйымдастырылмақ.

«Дубай қаласында хаб ашу – Орталық Азияның әлемдік технологиялық нарықтағы орнын нығайтатын стратегиялық қадам. Қазақстан мен БАӘ-дегі серіктестерімізбен бірлесе отырып, біз өзбекстандық әрі өңірлік стартаптарға MENA аймағының алдыңғы қатарлы ресурстарына, инвестицияларына және сараптамасына жол ашатын көпір саламыз. Бұл тек мамандарымыздың таным көкжиегін кеңейтіп қоймай, Орталық Азия инновациялық шешімдерінің жаһандық цифрлық экономикаға интеграциялануына да серпін береді», – деді IT Park-тың жаһандық маркетинг директоры Жәмилә Халибаева.

Дубайда қол қойылған келісім Astana Hub пен IT Park Uzbekistan-ның AlmatyFair.ai көрмесінде Growth Vision Pro Ltd компаниясымен жасасқан Шанхайда хаб ашуды көздейтін келісімінің жалғасы болды. Жаңа мәміле Central Asian Innovation Hubs альянсының халықаралық кеңею бағытын күшейтіп, Орталық Азияның біріктірілген жаһандық экожүйесін қалыптастырады.

TSARKA қолдауымен