Павел Дуров IQanat мектебіне құны 365 мың доллардың 12 грантын бөлді
Telegram негізін қалаушы Павел Дуров ауыл балаларына арналған IQanat мектебіне құны 365 мың доллар болатын 12 грант бөлді.
Бұл туралы BI Group басшысы Айдын Рахымбаев өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеді. Оның айтуынша, Бурабайда өткен кездесуде Павел Дуров IQanat мектебіне арнайы барып қайтқан.
“Қарапайым ауыл балалары бір жылдың ішінде түрлі жетістіктерге жетіп, шетелдік оқу орындарына түсіп жатады. Павел Дуров грантқа түсе алмай қалған бірнеше баланың оқуына ақша төлеп беретін болды», - деді Рахымбаев.
Айдын Рахымбаевтың айтуынша, Дуров үміткерлерді өзі сұрыптап, олардың алған балдарын, пәндерін және қосымша ақпараттарды сұратқан.
«15 миллиард доллардан асатын дәулеті бар, 100 елде өкілдік ететін халықаралық корпорацияның қожайыны осындай маңызды іске көңіл бөлгені, шынымен таңқалдырмай қоймайды. Ол балалар туралы көбірек білгеннен кейін гранттар санын 12-ге көбейтті», - дейді Айдын Рахымбаев.