Премьер-министр өңірлерде цифрлық инфрақұрылымды күшейтуді тапсырды
Олжас Бектенов өңірлік акселерациялық бағдарламаларды дамытуға және басқа елдерде жаһандық серіктестік желісін құруға назар аударды.
Осыған орай, әкімдерге IT-мамандарды қолдау үшін өңірлерде цифрлық инфрақұрылым құру тапсырылды.
“Мемлекет басшысы 2029 жылға қарай цифрлық технологиялардың экономикаға қосқан үлесін 1%-ға дейін жеткізуді және IT-қызметтердегі жергілікті құрам үлесін кемінде 80%-ға арттыруды міндеттеді. Бұл мақсатқа қол жеткізудегі негізгі драйверлер IT-хабтар мен венчурлық қорлар болуы тиіс. Соңғы алты жылда Қазақстандағы венчурлық қаржыландыру көлемі 6 еседен астам өсті. Біз бұл өсімді одан әрі жалғастыру үшін осы салаға үздік сарапшыларды тартуымыз керек. Ол үшін білім беру бағдарламаларын дамыту, ірі бизнесті тарту және сауатты цифрлық инфрақұрылым құру қажет. Өңірлерде цифрлық инфрақұрылым толық қамтамасыз етілмеген. Әкімдіктер бұл мәселелерге жеткілікті көңіл бөлмейді. Өңірлік хабтарға қаржылық және инфрақұрылымдық қолдау көрсету өте маңызды”, — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Цифрлық даму министрлігіне өңірлердің әкімдіктерімен бірлесіп Astana Hub-ты дамыту, өңірлік хабтарға қаржылық және инфрақұрылымдық қолдау көрсету, сондай-ақ IT-салада экспортқа бағдарланған бағыттарды дамыту үшін қолайлы жағдай жасау бойынша шаралар қабылдау тапсырылды.