QR-карталар, дабыл түймелері мен қосымшалар: Қазақстан туристер үшін цифрлық инфрақұрылымды күшейтуде

Үкімет отырысында Ішкі істер министрі Ержан Саденов Қазақстанға келген шетелдік туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған шараларды таныстырды. Негізгі жаңалықтардың қатарында — онлайн-сервистерді іске қосу және өңірлерде туристік полицияның жұмысын күшейту.
Бүгінде туристердің елде болуын жеңілдету үшін бірнеше цифрлық құралдар енгізілген:
● шетелдік туристің келгені туралы қабылдаушы тараптың онлайн-хабарламасы;
● шұғыл қызметтерге қол жеткізуді және пайдалы ақпаратты қамтитын мобильді қосымша;
● QR-коды бар туристік карталар — олар ірі әуежайларда таратылады және бірнеше тілде ақпарат береді: көші-қон заңнамасының ережелері, жедел қызметтердің байланыс нөмірлері, такси, ұялы байланыс операторлары, аймақ карталары және «102» қосымшасына сілтеме.
Туристік аймақтарда қауіпсіздік шаралары күшейтілуде
Туристер көп шоғырланатын жерлерде, ұлттық парктер мен танымал нысандарда шетел тілдерін білетін туристік полиция бөлімшелері жұмыс істейді. Ол жерлерде бейнебақылау жүйелері, дабыл түймелері орнатылған, заңсыз тасымалдаулардың алдын алу бойынша профилактикалық шаралар тұрақты өткізіледі.
Цифрлық инфрақұрылымды кеңейту жоспарлары
Премьер-Министр Туризм және спорт министрлігіне Цифрлық даму министрлігімен бірлесіп ұлттық туристік порталдың, eQonaq көші-қон сервисінің мүмкіндіктерін кеңейтуді, сондай-ақ такси сервистері мен туристердің қауіпсіздігі мен жайлылығын арттыратын басқа да цифрлық құралдарды біріктіруді тапсырды.