Roboland 2025 өзінің 10 жылдық мерейтойын атап өтуде!

Roboland 2025 өзінің 10 жылдық мерейтойын атап өтуде!

28-29 наурызда Қарағандыда «Жастар» спорт кешенінде RoboLand 2025 Х мерейтойлық халықаралық робототехника, бағдарламалау және инновациялық технологиялар фестивалі өтеді.

RoboLand – Қазақстандағы алғашқы және ең ірі робототехника жобасы, техникалық шығармашылық пен жаңа технологиялардың ең ауқымды форумы. Бұл жарысқа мектеп командаларының қатысуы педагогтар үшін маңызды және беделді, өйткені RoboLand ҚР Оқу-ағарту министрлігінің олимпиадалар мен конкурстар тізіміне енгізілген.

Фестивальге мектепке дейінгі балалардан бастап педагогтарға дейін қатыса алады. Биыл екінші жыл қатарынан RoboLand Kazakhstan санатында командалар құрамына тек оқушылар ғана емес, педагогтар да кіреді. Электронды тіркеу жүйесі мен қорытынды шығарудың ашықтығы сақталады. Байқаудың әділ әрі кәсіби түрде өтуін тәуелсіз қазылар алқасы қадағалайды.

Фестивальдің бас төрешісі – Арынов Есбол Рымбекұлы, Астана қаласындағы Zerdeli білім беру орталығының директоры, Қарағанды облысының білім беруді дамыту оқу-әдістемелік орталығы директорының бұрынғы орынбасары. Ол аймақтағы информатизация және робототехника саласын дамыту жұмыстарын басқарған.

Биыл қатысушылар 17 түрлі санатта бақ сынайды, оның ішінде 4 жаңа номинация бар. Шығармашылық категорияда командалар «Құтқарушы роботтар» тақырыбында өз жобаларын ұсынады. Жобалар табиғи апаттар, техногендік авариялар және басқа да төтенше жағдайларда адамдарға көмек көрсетуге арналған роботтандырылған жүйелерді әзірлеуге бағытталуы керек.

Roboland 2025 тек қатысушылардың географиясын ғана емес, сонымен қатар түрлі робототехникалық жиынтықтарды қолдану мүмкіндіктерін де кеңейтуде. Алғаш рет Fischertechnik өндірушісінің конструкторлары пайдаланылатын жаңа жарыс категориясы енгізіледі.

Финалдық кезеңге дейін Қазақстан мен Ресей аймақтарында 18 іріктеу туры өткізілді. Биыл Қарағанды облысының 13 қаласы мен аудандары, сондай-ақ Ресейдің Серов қаласынан командалар қатысып, жалпы 1239 команда, яғни 2000-нан астам қатысушы өз бақтарын сынады. Іріктеу өткізілмеген облыстардың командалары финалға квалификациялық тур арқылы өтті.

Фестивальге жыл сайын тұрақты қатысатын Өзбекстан, Қырғызстан және Әзірбайжан командаларымен қатар, биыл Болгария мен Иран өкілдері де қатысуға ниет білдірді. RoboLand 2025 – Қазақстан мен шетелдік елдерден ең мықты командалар жиналатын алаң.

Сонымен қатар, қатысушылар тек жарыстарда өз шеберліктерін көрсетіп қана қоймай, бір-бірімен бейресми жағдайда араласа алады. Ол үшін Серік Сәпиев атындағы бокс орталығында «RoboLand PARTY» ойын-сауық бағдарламасы ұйымдастырылады.

Фестивальдің ұйымдастырушылары – ҚР Оқу-ағарту министрлігі, Қарағанды облысының білім басқармасы және Kazdidac қауымдастығы. RoboLand фестивалі 2015 жылдан бері Қарағандыда өткізіліп келеді. 2016 жылдан бастап ол халықаралық статусқа ие болды. Осы уақыт ішінде Қарағанды алаңында Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзірбайжан, Грузия, Сербия, Польша, Италия және Греция командалары өнер көрсетті.

TSARKA қолдауымен