Сәуір айындағы KASE есебі: сауда көлемі 23%-ға өсіп, 32,7 трлн теңгеге жетті

Сәуір айындағы KASE есебі: сауда көлемі 23%-ға өсіп, 32,7 трлн теңгеге жетті

"Қазақстан қор биржасы" АҚ (бұдан әрі – KASE, Биржа) 2025 жылғы сәуірдегі қызметінің негізгі қорытындысын хабарлайды:

• KASE сауда-саттығының жиынтық көлемі 2025 жылғы сәуірде 32,7 трлн теңгені құрады және наурызға қатысты 23,4% немесе 6,2 трлн теңгеге өсті.• Сәуір айының қорытындысы бойынша KASE Индексінің мәні 0,6% төмендеп, 5 622,10 тармақты құрады.• Сәуір айының қорытындысы бойынша акциялар нарығын капиталдандыру 31,1 трлн теңгеге дейін 2,1% төмендеді, сауда-саттықтағы корпоративтік борыш көлемі 13,8 трлн теңгеге дейін 0,8% ұлғайды.• Сәуір айында екі жаңа эмитенттің корпоративтік облигациялары листинг процедурасынан өтті.• 2025 жылғы 01 мамырдағы жай-күйі бойынша KASE сауда-саттық тізімінде 262 эмитенттің 773 атаудағы мемлекеттік емес бағалы қағаздары болды.

НЕГІЗГІ ЖОБАЛАР МЕН ІС-ШАРАЛАР 

2025 жылғы сәуір айында KASE қатысуымен бірқатар іс-шара өткізілді.

Бизнеске арналған іс-шаралар

"Эмитент күні" жобасы аясында KASE-де инвесторлармен, бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушыларымен және БАҚ өкілдерімен кездесу өтті:

• 11 сәуірде "Қазақтелеком" АҚ өкілдері компанияның 2024 жылғы қаржылық қызметінің негізгі нәтижелері, қызмет көрсету сапасын жақсарту жөніндегі жобалар туралы айтып, технологиялық даму жоспарларын бөлісті.• 15 сәуірде "Кселл" АҚ өкілдері компанияның 2024 жылғы қаржылық қызметінің нәтижелерін ұсынды, компания кірісінің өсуі, іске асырылған жобалар, соның ішінде жаңа базалық станциялардың іске қосылғаны туралы айтты.

15 сәуірде KASE Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірлесіп "эмитенттердің қор нарығында ақпаратты ашып көрсетуі" тақырыбында вебинар өткізді, оның шеңберінде сарапшылар компаниялардың ақпаратты ашып көрсету ережелері мен тәртібі туралы, қор нарығында қағаздар айналымы процесінде өтімділікті қолдау үшін қажет жағдайлар туралы, ақпаратты ашып көрсету мерзімдерін бұзғаны үшін қолданылатын өндіріп алу түрлері туралы ақпаратты бөлісті.

17 сәуірде KASE Өзбекстан Республикасы, Ташкент қаласында "KASE Day in Tashkent" өткізді. Іс-шара Биржаның мүшесі болу мүмкіндіктері, өзбек компаниялары үшін қазақстандық қор нарығында қаржыландыруды тарту шарттары және KASE нарықтарында инвестициялау туралы ақпарат беруге бағытталған. 

Оқыту іс-шаралары

01 сәуірде Қазақстан Республикасы халқының қаржылық сауаттылығын арттыруға бағытталған "Биржалық симулятор" жобасы шеңберінде оқу сауда-саттығының салтанатты ашылу рәсімі өтті. 01 сәуірден 02 мамырға дейінгі кезеңде сауда-саттық көлемі 104,2 млрд теңгеге жетті, мәмілелердің орташа тәуліктік көлемі 4,5 млрд теңгеден асты.

08 сәуірде KASE-де Алматы технологиялық университетінің студенттерімен кездесу өтті. Тыңдаушылар "Бағалы қағаздар нарығына кіріспе" дәрісіне қатысып, Биржаның қалыптасу және даму тарихы, қор нарығы жұмысының негіздері, негізгі инвестициялық құралдар және Қазақстанның қаржы жүйесіндегі KASE рөлі туралы білді. Сондай-ақ оларға жаңадан бастаған инвесторларға берілетін мүмкіндіктер, бағалы қағаздармен сауда жасау механизмдері, баға белгілеу және биржалық қызметті реттеу қағидаттары туралы ақпарат ұсынылды.

24 сәуірде KASE-де "Мерзімді нарыққа кіріспе" тақырыбында оқыту вебинары өтті, онда қатысушылар мерзімді нарық жұмысының негіздері, инвесторларға не үшін қажет, KASE-де сауда-саттық жасалатын фьючерстер және олардың негізгі ерекшеліктері туралы білді.

 

АКЦИЯЛАР НАРЫҒЫ

2025 жылғы сәуірдің қорытындысы бойынша акциялар нарығын капиталдандыру көлемі 31,1 трлн теңге (60,7 млрд USD) болды, бұл өткен айдағы көрсеткіштен 651,4 млрд теңгеге немесе 2,1% төмен. 

Сәуірде акциялармен жасалған сауда-саттық көлемі 48,2 млрд теңгені құрап, наурызға қатысты 2,5 есе немесе 28,7 млрд теңгеге ұлғайды. Сауда-саттықтың орташа тәуліктік көлемі 2,2 млрд теңге, мәмілелердің орташа тәуліктік саны 8 002 мәміле, бір мәміленің орташа көлемі 273,7 мың теңге болды. Сәуір айында акциялармен сауда-саттық тек қайталама нарықта өтті, бұл ретте "Банк ЦентрКредит" АҚ мамандандырылған сауда-саттықта 26,3 млрд теңге сомаға өзінің 11,9 млн жай акциясын сатып алды.

Инвесторлардың негізгі санаттары арасында акциялармен мәмілелердің жиынтық көлемінің жеке адамдардың үлесіне 46,8%, банктердің үлесіне 1,7%, брокерлік-дилерлік ұйымдардың үлесіне 6,6%, басқа институционалдық инвесторлардың үлесіне 2,2%, басқа заңды тұлғалардың үлесіне 42,7% тиесілі болды. Бейрезиденттердің үлесі – 5,3%.

KASE ИНДЕКСІ 

Сәуір айында KASE Индексінің мәні 0,6% төмендеп, айдың соңына қарай 5 622,10 тармақты құрады. 

Сәуір айында индекстік акциялармен жасалған мәміле көлемі – 19,3 млрд теңге, бұл наурыз айындағы көрсеткіштен 1,0 млрд теңгеге көп. Сауда-саттықтың ең көп көлемі "Қазақстан Халық банкі" АҚ-тың жай акцияларына тиесілі болып, 4,7 млрд теңге (индекстік акциялармен сауда-саттықтың жалпы көлемінің 24,3%) болды*.

KASE Индексінің өкілдік тізіміне кіретін соңғы мәмілелер бойынша акциялар бағасының өзгеруі

Ірі мәмілелер мен тұрақты емес сипаттағы мәмілелерді есепке алмағанда

Сәуір айының қорытындысы бойынша ең үлкен өсімді "Қазақтелеком" АҚ жай акциялары көрсетті, олардың бағасы бір жай акция үшін 50 585,89 теңгеге дейін 8,3% өсті. Компанияның 2024 жылғы шоғырландырылған есептілігіне сәйкес компанияның кірісі 494,6 млрд теңгеге дейін 4,6% өсті, ал пайда 77,2 млрд теңгеге дейін 26,0% төмендеді.

Көшбасшылар тізімінде екінші орынды "Банк ЦентрКредит" АҚ жай акциялары иеленді, олар бағасына 6,8% қосты. Сонымен қатар банктің акционерлері жылдық жалпы жиналыста Банктің 2024 жылғы аудиттелген жылдық есептілігін бекіту және Банктің жай акциялары бойынша дивиденд төлемеу және 2024 жылғы таза кіріс – 194,5 млрд теңге сомасындағы бөлінбеген пайданы шотта қалдыру туралы шешім қабылдады. Банктің 2024 жылғы шоғырландырылған қаржылық есептілігіне сәйкес Банк активтері 7 067,9 млрд теңгеге дейін 33,6%, таза пайдасы 202,4 млрд теңгеге дейін 49,7% өсті. Банктің Директорлар кеңесі 2025 жылғы 07 сәуірде бағалы қағаздардың ұйымдастырылған нарығында орналастырылған 15,9 млн дана жай акцияны2025 жылғы 15 сәуірден 31 желтоқсанға дейін 2 200,00 теңге бағасымен сатып алу туралы шешім қабылдады. Бұл ретте, Банк 15 сәуірде бір акция үшін 2 200,00 теңге бағасымен 23,7 млрд теңге сомасына 10 766 574 жай акциясын, 24 сәуірде бір акция үшін 2 200,00 теңге бағасымен 2,6 млрд теңге сомасына 1,2 млн жай акциясын кері сатып алды. 

Көшбасшылар үштігін 3,1% өсіммен "ҚазТрансОйл" АҚжай акциялары жабады. Компанияның өндірістік нәтижелеріне сәйкес бірінші тоқсанда магистральдық мұнай құбырлары жүйесі бойынша мұнайдың жүк айналымы "ҚазТрансОйл" АҚ бойынша бөлек 8 704,0 млн тонна-километрді құрады, бұл 2024 жылдың бірінші тоқсанымен салыстырғанда 13,0 млн тонна-километрге артық. "ҚазТрансОйл" АҚ магистральдық мұнай құбырлары жүйесі бойынша Қазақстан Республикасының мұнай өңдеу зауыттарына мұнайды тасымалдау көлемі 2024 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 97,0 мың тоннаға ұлғайып, 4 424,0 мың тоннаны құрады. Компанияның Директорлар кеңесі акционерлердің жылдық жалпы жиналысына 33,1 млрд теңгені немесе бір жай акцияға 86,00 теңгеден дивиденд төлеуге бөлуді ұсынды.

KASE GLOBAL СЕКТОРЫ

Сәуір айының соңында KASE Global секторында шетелдік эмитенттің 47 атаудағы акциялары және 18 ETF болды.

"KASE Global" секторындағы сауда-саттық көлемі сәуірде 6,6 млрд теңгені құрап, наурызға қатысты 24,5% немесе 1,3 млрд теңгеге ұлғайды. Сауда-саттықтың орташа тәуліктік көлемі 299,9 млн теңге, мәмілелердің орташа тәуліктік саны 826, бір мәміленің орташа көлемі 363,0 мың теңге болды.

"KASE Global" секторындағы мәмілелердің ең көп саны 2025 жылғы сәуірде мынадай акциялармен және ETF-пен жасалды: 

• ProShares Bitcoin Strategy ETF (BITO_KZ) – жалпы сомасы 942,9 млн теңгеге 3 914 мәміле;• NVIDIA Corp. (NVDA_KZ) – жалпы сомасы 765,2 млн теңгеге 2 699 мәміле;• Intel Corporation (INTC_KZ) – жалпы сомасы 315,4 млн теңгеге 1 339 мәміле.

Инвесторлардың негізгі санаттары ішінде 46,7% – жеке адамдар, 40,1% – брокерлік-дилерлік ұйымдар, 13,2% – басқа заңды тұлғалар. Бейрезиденттердің үлесі – 8,5%.

КОРПОРАТИВТІК ОБЛИГАЦИЯЛАР

Сәуір айында айналыстағы корпоративтік борыш көлемі 0,8% немесе 104,8 млрд теңгеге артып, 13,8 трлн теңгеге (26,9 млрд USD) жетті.

2025 жылғы сәуірдің соңында KASE ресми тізімінде 129 эмитенттің 533 шығарылымының корпоративтік облигациялары болды. Сәуір айында KASE ресми тізіміне тоғыз эмитенттің корпоративтік облигацияларының 13 шығарылымы (екі жаңа) енгізілді, олар: "Отбасы банк" тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" АҚ төрт шығарылымы, "KMF (ҚМФ)" Микроқаржы ұйымы" АҚ екі шығарылымы және "АКВЕЙ" ЖШС," Қазақстанның Даму Банкі" АҚ, "Home Credit Bank" АҚ, "Қазақстандық электролиз зауыты" АҚ, "Онлайн ҚазҚаржы МҚҰ" АҚ, "Тойота Файнаншл Сервисез Қазақстан" МҚҰ" ЖШС және "Orbis Leasing" ЖШС бойынша бір-бір шығарылым.

Сәуірде KASE_BY корпоративтік облигацияларының кірістілік индексінің мәні 20 б.п. өсіп, айдың соңында жылдық 14,59% болды.

Сәуірде KASE-де корпоративтік облигациялармен жасалған сауда-саттық көлемі наурызға қарағанда 3,4 есе немесе 334,3 млрд теңгеге ұлғайып, 474,7 млрд теңгеге жетті. Сауда-саттықтың орташа тәуліктік көлемі 21,6 млрд теңге (қайталама нарықта – 3,2 млрд теңге), мәмілелердің орташа тәуліктік саны – 594 мәміле (қайталама нарықта – 583 мәміле), бір мәміленің орташа көлемі – 36,3 млн теңге (қайталама нарықта – 5,5 млн теңге) болды.

Сәуір айында корпоративтік облигациялардың бастапқы нарығының көлемі 403,8 млрд теңгені құрады, бұл наурызға қарағанда 5,2 есе немесе 326,2 млрд теңгеге көп:

• "Бәйтерек" Ұлттық басқарушы холдингі" АҚ өтелгенге дейінгі мерзімдері бір жыл және 15 ай болатын облигациялардың екі шығарылымын жылдық 16,70% және 17,00%-бен орналастырып, 144,3 млрд теңге тартты; • "Отбасы банк" тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" АҚ жылдық 16,50% өтеуге кірістілігі бар бесжылдық әлеуметтік облигацияларды орналастыра отырып, 50,0 млрд теңге тартты;• "Қазақстан орнықтылық қоры» АҚ жылдық 16,00-16,50% мөлшеріндегі өтеуге дейінгі кірістілігі бар және өтелгенге дейінгі мерзімі 0,9-1,9 жыл болатын облигациялардың үш шығарылымын орналастыра отырып, 44,9 млрд теңге тартты;• "GoldFinMarket" ломбарды" ЖШС жылдық 22,00%-бен екіжылдық облигацияларын орналастырып, 81,6 млн теңге тартты.• "Тойота Файнаншл Сервисез Қазақстан" МҚҰ" АҚ жылдық 16,75%-бен үшжылдық облигацияларын орналастыру арқылы 6,0 млрд теңге тартты;• "Orbis Leasing" ЖШС жылдық 20,00%-бен өтелгенге дейінгі мерзімі бір жыл болатын облигацияларын орналастыра отырып, 1,5 млрд теңге тартты;• "Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы" ұлттық компаниясы" АҚ жылдық 18,50% мөлшеріндегі өтеуге дейінгі кірістілігі бар және өтелгенге дейінгі мерзімі 1,3 жыл болатын облигацияларын орналастырып, 10,0 млрд теңге тартты.

Инвесторлардың негізгі санаттары ішінде корпоративтік облигациялардың бастапқы нарығында банктердің үлесі 19,7%, брокерлік-дилерлік ұйымдардың үлесі 1,1%, басқа институционалдық инвесторлардың үлесі 40,8%, өзге заңды тұлғалардың үлесі 38,1%, жеке адамдардың үлесі 0,3% болды. Корпоративтік облигациялардың бастапқы нарығындағы бейрезиденттердің үлесі – 4,8%.

KASE-дегі корпоративтік облигациялармен сәуірде жасалған сауда-саттық көлемі наурызға қарағанда 12,9% немесе 8,1 млрд теңгеге ұлғайып, 70,9 млрд теңгеге жетті.

Инвесторлардың негізгі санаттары ішінде корпоративтік облигациялардың қайталама нарығында банктердің үлесі – 7,4%, брокерлік-дилерлік ұйымдардың үлесі – 7,8%, басқа институттық инвесторлардың үлесі -– 22,2%, өзге заңды тұлғалардың үлесі – 43,5%, жеке адамдардың үлесі – 19,2%. Бейрезиденттердің үлесі – 9,3%.

МЕМЛЕКЕТТІК БАҒАЛЫ ҚАҒАЗДАР (МБҚ)

KASE-де сатылатын мемлекеттік борыштың номиналды сомасы сәуірде 1,9% немесе 552,7 млрд теңгеге артып, 29,1 трлн теңгені (56,8 млрд USD) құрады.

KASE-де МБҚ-мен жасалған сауда-саттықтың жиынтық көлемі 791,1 млрд теңгені құрап, наурыздағы осындай көрсеткішпен салыстырғанда 17,1% немесе 163,3 млрд теңгеге азайды. Сәуірдің қорытындысы бойынша сауда-саттықтың орташа күндік көлемі 36,0 млрд теңге (қайталама нарықта – 8,7 млрд теңге), мәмілелердің орташа күндік саны 15 мәміле (қайталама нарықта – 13 мәміле), бір мәміленің орташа көлемі 2,4 млрд теңге (қайталама нарықта – 0,7 млрд теңге) болды.

Бастапқы нарықта МБҚ-мен жасалған сауда-саттық көлемі 2,5% немесе 15,1 млрд теңгеге төмендеп, 599,3 млрд теңге болды. Оның ішінде 28,5 млрд теңгені төрт облыстың әкімдіктері (мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру аясында көзделген іс-шараларды қаржыландыру мақсатында) тартты. Барлық дерлік көлем Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің қазынашылық міндеттемелерін орналастыру үлесінде болды. Барлығы 0,8 жылдан 11,3 жылға дейінгі өтеу мерзімімен жылдық 14,10-15,85%-бен облигациялардың он шығарылымы орналастырылды.

Бастапқы нарықтағы инвесторлардың негізгі санаттары ішінде банктердің үлесі 9,6%, брокерлік-дилерлік ұйымдардың үлесі 0,7%, басқа институционалдық инвесторлардың үлесі 84,4%, өзге заңды тұлғалардың үлесі 5,4% болды. МБҚ бастапқы нарығындағы сауда-саттыққа бейрезиденттер қатысқан жоқ.

Қайталама нарықтағы сауда-саттық көлемі 43,6% немесе 148,3 млрд теңгеге артып, 191,8 млрд теңге болды. Ұлттық Банктің ноталарымен қайталама нарықта жасалған сауда-саттық үлесі жалпы сауда-саттық көлемінің 73,4%-н құрып, 140,8 млрд теңге болды, МЕКАМ үлесі 25,1% немесе 48,2 млрд теңге, Қазақстан Республикасының еурооблигацияларының үлесі 1,2% немесе 2,4 млн теңге болды. Қалған 0,2% немесе 453,4 млн теңге мөлшеріндегі қалған көлем шет мемлекеттердің мемлекеттік бағалы қағаздарымен (АҚШ Қаржы министрлігінің облигациялары) жасалған мәмілелерге тиесілі болды.

Қайтамала нарықтағы инвесторлардың негізгі санаттары ішінде банктердің үлесі 37,7%, брокерлік-дилерлік ұйымдардың үлесі 2,4%, басқа институционалдық инвесторлардың үлесі 2,4%, өзге заңды тұлғалардың үлесі 54,0%, жеке адамдардың үлесі 3,5% болды. Бейрезиденттердің қатысуы 14,3 % деп бағаланды. 

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚАРЖЫ ҰЙЫМДАРЫНЫҢ (ХҚҰ) ОБЛИГАЦИЯЛАРЫ

2025 жылғы сәуірдің соңында KASE сауда-саттық тізімінде халықаралық жеті қаржы ұйымының 56 облигация шығарылымы болды, олар: Еуразиялық даму банкінің 18 шығарылымы, Еуропа қайта құру және даму банкінің 16 шығарылымы, Азия даму банкінің 11 шығарылымы, Халықаралық қайта құру және даму банкінің төрт шығарылымы, Халықаралық қаржы корпорациясының төрт шығарылымы, Еуропа инвестициялық банкінің екі шығарылымы және жеке секторды дамыту жөніндегі Ислам корпорациясының бір шығарылымы. 

Сәуірде халықаралық қаржы ұйымдарының облигациялары саудасының барлық көлемі қайталама нарықта болды және өткен аймен салыстырғанда 11,0 млрд теңгеге өсіп, 11,7 млрд теңгені құрады. 

Халықаралық қаржы ұйымдарының облигацияларының қайталама нарығындағы инвесторлардың негізгі санаттары ішінде банктердің үлесі 34,2%, брокерлік-дилерлік ұйымдардың үлесі 0,2%, басқа институционалдық инвесторлардың үлесі 10,2%, өзге заңды тұлғалардың үлесі 49,7%, жеке тұлғалардың үлесі 5,7% болды. Бейрезиденттердің қатысуы 49,4% деп бағаланды. 

ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ҚОРЛАРДЫҢ БАҒАЛЫ ҚАҒАЗДАРЫ

2025 жылғы 1 мамырдағы жай-күйі бойынша “Инвестициялық қорлардың бағалы қағаздары” секторында бес басқарушы компанияның басқаруындағы инвестициялық пай қорларының 18 құралы мен бір ETF болды.

Есепті айда сауда-саттық көлемі 1,4 млрд теңгені құрап, наурыз айымен салыстырғанда 19,0% немесе 227,7 млн теңгеге өсті. Инвесторлардың негізгі санаттары бойынша 35,5% жеке тұлғалар, 33,1% брокерлік-дилерлік ұйымдар, 31,4% өзге заңды тұлғалар болды. Бейрезиденттердің үлесі – 17,7%.

ТУЫНДЫ БАҒАЛЫ ҚАҒАЗДАР

2025 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша KASE ресми тізімінде төрт шығарылымның жаһандық депозитарлық қолхаттары (ЖДҚ) болды, олардың базалық активтері “Қазатомөнеркәсіп” Ұлттық атом компаниясы” АҚ, “Қазақстан Халық Банкі” АҚ, Kaspi.kz АҚ және “Эйр Астана” АҚ жай акциялары болып табылады.

2025 жылғы сәуірдегі сауда-саттық көлемі 650,3 млн теңге болып, наурызбен салыстырғанда 568,2 млн теңгеге өсті. Инвесторлардың негізгі санаттары ішінде жеке тұлғалардың үлесі 16,7%, брокерлік-дилерлік ұйымдардың үлесі 14,6%, басқа заңды тұлғалардың үлесі 68,7% болды. Бейрезиденттердің үлесі – 34,7%.

ШЕТЕЛ ВАЛЮТАСЫ НАРЫҒЫ

Ағымдағы жылдың сәуір айында KASE валюта нарығындағы сауда-саттыққа KASE-нің 34 мүшесі қатысты.

Сәуірде шетелдік валюта нарығындағы сауда-саттық көлемі наурыз айындағы көрсеткіштермен салыстырғанда 28,2% немесе 836,8 млрд теңгеге өсіп, 3,8 трлн теңгеге жетті. 1 күнде жасалған сауда-саттықтың орташа көлемі – 172,8 млрд теңге, мәмілелердің орташа күндік саны – 951, бір мәміленің орташа көлемі – 181,8 млн теңге.

Төмендегі кестеде KASE-де сатылатын валюта жұптарының негізгі сипаттамалары көрсетілген. (өткен аймен салыстырғанда көрсеткіштің өзгеруі жақшада көрсетіледі; айырбастау бағамының өзгеруі шетел валютасының теңгеге орташа сараланған айырбастау бағамының номиналды өзгеруін көрсетеді).

АҚША НАРЫҒЫ

Сәуірде ақша нарығындағы сауданың жалпы көлемі 27,5 трлн теңге болды, ол наурызбен салыстырғанда 23,3% немесе 5,2 трлн теңгеге өсті.

11 сәуірде Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің Ақша-несие саясаты комитеті базалық мөлшерлемені +/- 1,0 б.п. пайыздық дәлізбен жылдық 16,5 %  деңгейінде қалдыру туралы шешім қабылдады. 

Бір жұмыс күні ішінде ашылған USD/KZT валюталық своп операциялары және мемлекеттік бағалы қағаздармен жүргізілген автоматты репо операциялары бойынша кірістіліктің мәміле көлемінің орташа алынған мәні болып табылатын MM_Index ақша нарығының композиттік индикаторы бір айда жылдық 15,78%-дан 15,25%-ға дейін 53 базистік тармаққа төмендеді.

РЕПО ОПЕРАЦИЯЛАРЫ НАРЫҒЫ

Сәуірде репо операцияларының жалпы көлемі 20,8 трлн теңге болды, бұл наурыздағы көлемнен 4,4 трлн теңгеге немесе 26,5% көп. 1 күнде жасалған сауда-саттықтың орташа көлемі – 944,2 млрд теңге, мәмілелердің орташа күндік саны – 708, бір мәміленің орташа көлемі – 1,3 млрд теңге. 

Мемлекеттік бағалы қағаздармен жасалған авторепо операцияларының көлемі 16,4 трлн теңге немесе репо операцияларының жалпы көлемінің 79,1%, ұлттық бағалы қағаздармен жасалған авторепо көлемі 4,1 трлн теңге немесе 19,9%, ұлттық бағалы қағаздармен жасалған тікелей репо 12,9 млрд теңге немесе 0,1%, КҚС-мен жасалған авторепо көлемі – 201,8 млрд теңге немесе 1,0 %.

Сәуірдің аяғында TONIA индикаторы (Мемлекеттік бағалы қағаздар себетіндегі бағалы қағаздармен Биржада авторепо секторында жасалған бір жұмыс күні мерзіміне репо ашу операциялары бойынша орташа алынған сыйақы мөлшерлемесі) жылдық 16,66%-дан 15,54%-ға дейін 112 б.п. төмендеді.  

TRION индикаторы (Биржа Орталық контрагенттің қызметін пайдалана отырып клиринг қызметін жүзеге асыратын мемлекеттік бағалы қағаздар себетіндегі бағалы қағаздармен Биржада автоматты репо секторында бір күн ішінде жасалған бір жұмыс күні мерзіміне репо ашу операциялары бойынша орташа алынған сыйақы мөлшерлемесі) жылдық 16,78%-дан 15,53%-ға дейін 125 б.п. төмендеді. 

TWINA индикаторы (Биржа Орталық контрагенттің қызметін пайдалана отырып, клиринг қызметін жүзеге асыратын мемлекеттік бағалы қағаздар себетіндегі бағалы қағаздармен Биржада автоматты репо секторында жасалған, жеті жұмыс күні мерзіміне репо ашу операциялары бойынша орташа алынған сыйақы мөлшерлемесі) жылдық 16,32%-дан 15,85%-ға дейін 47 б.п. төмендеді.

ВАЛЮТАЛЫҚ СВОП ОПЕРАЦИЯЛАРЫ

Сәуірде валюталық своп операцияларының жалпы көлемі 6,8 трлн теңге болды, бұл наурыздағы көлемнен 849,9 млрд теңгеге немесе 14,4% көп. 1 күнде жасалған сауда-саттықтың орташа көлемі – 307,7 млрд теңге, мәмілелердің орташа күндік саны – 69, бір мәміленің орташа көлемі – 4,4 млрд теңге. 

Валюталық своптар құрылымында 6,6 трлн теңгені немесе валюталық своп операциялары көлемінің 97,0% USDKZT своптарының үлесінде; RUBKZT – 172,1 млрд теңге немесе 2,5%; EURUSD – 22,7 млрд теңге немесе 0,3%; EURKZT – 9,7 млрд теңге немесе 0,1%.

SWAP-1D (USD) біркүндік доллар свопының кірістілігі сәуір айының аяғында бір айда 7 б.п. өсіп, жылдық 12,02% құрады. Екікүндік валюталық SWAP-2D (USD) свопының кірістілігі жылдық 11,79%-ға дейін 21 б.п. төмендеді.

ДЕРИВАТИВТЕР НАРЫҒЫ

Қазіргі уақытта биржалық нарықтың осы секторында АҚШ долларының теңгеге шаққандағы бағамына, Ресей рублінің теңгеге шаққандағы бағамына, "Қазақстан халық жинақ банкі" АҚ жай акцияларына, "Қазатомөнеркәсіп" ҰАК" АҚ жай акцияларына, KASE индексіне және ETF Nasdaq-100 Index ETF, SPDR Bloomberg Barclays 1-3 Month T-Bill ETF, SPDR Gold Shares ETF, SPDR S&P 500 ETF TRUST жеткізусіз фьючерстермен сауда-саттық жасауға болады. 

2025 жылғы сәуірде 2025 жылғы маусымда орындалатын АҚШ долларының теңгеге айырбастау бағамына фьючерстермен және 2025 жылғы маусымда орындалатын "Қазақстан Халық жинақ банкі" АҚ жай акцияларына фьючерстермен жалпы көлемі 948,5 млн теңгені құрайтын 18 мәміле жасалды. 


TSARKA қолдауымен