Сандық тергеуші: ІІМ жасанды интеллектті енгізіп жатыр

Қазақстанның Ішкі істер министрлігі жасанды интеллект негізіндегі жаңа жобаны – тергеушінің интерактивті көмекшісін сынақтан өткізуді бастады. Бұл бастама Президенттің жасанды интеллектті жедел дамыту жөніндегі тапсырмасын орындау аясында жүзеге асырылуда.
Жүйе “Сотқа дейінгі тергеп-тексеру бірыңғай тізіліміне” интеграцияланған және тергеу сапасы мен жылдамдығын арттыруға бағытталған. Жасанды интеллект күнделікті рутиналық тапсырмаларды автоматтандыруға арналған және төрт негізгі модульден тұрады:
- тергеуді жоспарлау;
- айғақтарды өңдеу;
- процестік құжаттарды дайындау;
- талдау және болжам жасау.
Жаңа құрал мына мүмкіндіктерге ие:
● ауызша сөзді мәтінге айналдыру;
● іс қатысушыларының айғақтарын талдап, салыстыру және қайшылықтарды анықтау;
● жауап алу үшін нақтылаушы сұрақтарды қалыптастыру;
● тергеу аясында қажетті құжаттарды автоматты түрде жасау.
Жүйе 19 маусымнан бастап Астана қаласы Есіл ауданы полиция басқармасында пилоттық режимде жұмысын бастады. Жақын арада бұл жоба Ақмола облысы Қосшы қаласының полиция бөлімінде де енгізіледі.
ІІМ мәліметінше, цифрлық көмекші тергеушілерді техникалық жұмыстан босатып, істерді қарау мерзімін қысқартуға мүмкіндік береді.