Шымкентте газ есебі цифрландырылды: қарыз екі есеге жуық қысқарды

Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Шымкент қаласында жүзеге асырылған газ есебін цифрландыру бойынша пилоттық жобаның қорытындылары шығарылды. Нәтижелер туралы «QazaqGaz» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Санжар Жаркешов баяндады.
Оның айтуынша, цифрлық шешімдерді енгізу айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік берді:
● газ тасымалдау жүйесінің нысандары мен абоненттерінің 98%-ы цифрландырылды;
● дебиторлық қарыз 47%-ға төмендеді;
● газ шығыны 34%-ға азайды.
Бұл жоба тауарлық газды тарату және тұтыну саласындағы бақылауды күшейту және тиімділікті арттыру мақсатында жүзеге асырылды.
Алдағы уақытта жүйені Қазақстанның бүкіл аумағында ауқымдандыру, жасанды интеллект негізінде тұтынуды талдау және болжау алгоритмдерін енгізу, сондай-ақ тұтынушыларды газды ұтымды пайдалануға ынталандыру жоспарланып отыр.