SKAI директорлар кеңесінің цифрлық мүшесінің дауыс беру құқығы жоқ
Мәжіліс кулуарында депутат Екатерина Смышляева Samruk-Kazyna Artificial Intelligence атты цифрлық «басқарма мүшесі» туралы БАҚ сұрақтарына жауап берді.
«Құқықтық субъектілік тек адамға ғана тән. Бұл – өте маңызды жайт. Директорлар кеңесінің мүшесі қызметін атқару үшін құқықтық субъектілік қажет. Ал жасанды интеллекттің ондай мәртебесі жоқ. Оның тек құқық нысаны ретіндегі (объектілік) мәртебесі бар», – деп түсіндірді депутат.
Бұл цифрлық жүйелердің лауазым иелене алмайтынын, құжаттарға қол қоя алмайтынын және дауыс беруге қатыспайтынын білдіреді.
Оның айтуынша, цифрлық агент іс жүзінде талдау құралы ретінде қызмет атқарып, шешім қабылдайтын адамдарға көмек көрсетеді.
«Біз “директорлар кеңесінің цифрлық мүшесі” дегенде, бұл метафора екенін түсіну керек. Ол дауыс бермейді, шешім қабылдамайды. Оның аналитикасы ескеріліп, талқылануы мүмкін, бірақ соңғы шешім әрдайым адамдарға тиесілі», — деді депутат.
Екатерина Смышляева түйіндеді: құқықтық тұрғыда бұл кеңес мүшесі емес, шешім қабылдауды қолдайтын құрал ғана.