Starlink спутниктік интернеті Қазақстан азаматтарына 2025 жылы ресми түрде қолжетімді болады

Starlink спутниктік интернеті Қазақстан азаматтарына 2025 жылы ресми түрде қолжетімді болады

SpaceX компаниясының еншілес құрылымы болып табылатын Starlink Қазақстан нарығына ресми түрде кіреді. ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Starlink компаниясы Қазақстан аумағында спутниктік интернет қызметін көрсету кезінде ұлттық заңнама талаптарын сақтау туралы келісімге қол қойды.

Құжатқа сәйкес, Starlink қолданушы терминалдарының сатылымы 2025 жылдың үшінші тоқсанында басталады. Бұл қадам қала мен шалғай аймақтар арасындағы цифрлық теңсіздікті азайту жолындағы маңызды кезең болмақ, әсіресе оптикалық желілер тарту экономикалық немесе техникалық тұрғыдан қиын болатын өңірлерде.

Starlink интернетіне қол жеткізетіндер:

● ауылдық мектептер мен ауруханалар;

● шалғайдағы кәсіпорындар;

● мобильді жұмыс топтары;

● таулы және жайылымдық жерлердегі елді мекендер.

Бұған дейін Starlink Қазақстанда пилоттық режимде жұмыс істеп, интернетті тек білім беру мекемелеріне ұсынған болатын. Енді техникалық параметрлер мен қауіпсіздік талаптары келісілгеннен кейін компания халыққа заңды түрде қызмет көрсете алады.

«Бүгінге дейін Starlink Қазақстанда пилоттық режимде тек мектептерге интернет ұсынып келген. Халық үшін ол ресми түрде қолжетімді болған жоқ. Енді біз келісімге қол жеткіздік: компания ақпараттық қауіпсіздік пен байланыс саласындағы заңнама талаптарын толық орындауға келісті. Биыл барлық қажетті іс-шаралар жүзеге асырылады, және азаматтарымыз спутниктік интернетке ресми түрде қосыла алады», — деді цифрлық даму министрі Жаслан Мадиев.

TSARKA қолдауымен