Стартаптар Қазақстан мен Өзбекстаннан GITEX Europe 2025 көрмесінде өз жобаларын таныстырды

21-23 мамыр күндері Берлинде өтіп жатқан GITEX EUROPE 2025 – бұл 100-ден аса елден келген 40 мыңнан астам сарапшыны жинаған Еуропадағы ең ауқымды технологиялық шара. Биылғы форумда Astana Hub пен IT Park Uzbekistan-ның Central Asian Innovation Hubs біріккен альянсы Қазақстан мен Өзбекстаннан 17 стартап ұсынды.
Қазақстан делегациясын ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев бастап келді. Central Asian Innovation Hubs бренді аясында Қазақстаннан сегіз жоба ұсынды: Beksar – бөлшек сауда саласына арналған аналитика және сату процестерін автоматтандыру құралы; Arlan Biotech – антиденелерді жылдам генерациялауға арналған генеративті жасанды интеллект шешімі; SmartGas – жанармай шығындарын 30%-ға дейін азайтуға мүмкіндік беретін автопарк мониторингі жүйесі; Alaqan Technologies – қауіпсіздік жүйелері мен байланыссыз төлемдерге арналған алақан тамырларын тану технологиясы. Сондай-ақ SHAI – жеке контент генерациялауға арналған ЖИ платформасы; QalaAI – геоаналитикаға негізделген қалалық технологиялар; Hired Valley – кадрларды дамытуға бағытталған платформа және AskAlem бизнестерге арналған ЖИ көмекшісі ұсынылды.
Өзбекстан мемлекеттік, білім беру және корпоративтік секторларға арналған технологиялық шешімдерін таныстырды. Олардың қатарында – мемлекеттік мекемелер мен бизнеске арналған бағдарламалық өнімдерді әзірлеуші FIDO-BIZNES пен Corporate Solutions Group; Google, NVIDIA және 500 Global қолдаған, тапсырысқа бейімделетін ЖИ модельдері мен инфрақұрылымын ұсынатын Unitlab AI; цифрлық мемлекеттік қызметтердің ұлттық интеграторы – UZINFOCOM; жасанды интеллект пен SaaS жобалары үшін аутстаффинг қызметтерін көрсететін Evertech; бейне студиялар желісімен жұмыс істейтін EdSmart білім беру платформасы; ғимараттарды басқару мен энергияны үнемдеуге бағытталған IoT шешімдерін әзірлеуші K-Tech; қорғалған цифрлық коммуникация сервисі – Eskiz және жеке деректерді қорғау мен федеративті оқытуға басымдық беретін Realsoft AI стартаптары бар.
Айта кетейік, GITEX EUROPE 2025 көрмесі аясында Astana Hub пен KAOUN International арасында GITEX Central Asia & Caucasus x Ai Everything Kazakhstan шарасын 2026 жылғы 2-4 маусым аралығында Астанада өткізу туралы меморандумға қол қойылды. Бұл – Орталық Азияда алғаш рет өтетін GITEX шарасы болмақ. Ол Еуропа, Таяу Шығыс және ТМД елдерінен келетін негізгі технологиялық ойыншыларды біріктіріп, Қазақстанның цифрлық дипломатия мен IT-экспорттағы өңірлік көшбасшы ретіндегі орнын нығайтпақ.