Startup Garage қорытындылары: 46 жаңа жұмыс орны, ₸129 млн сатылым, $300 000 инвестиция

Startup Garage қорытындылары: 46 жаңа жұмыс орны, ₸129 млн сатылым, $300 000 инвестиция

Astana Hub алаңында Startup Garage инкубациялық бағдарламасының көптен күткен Demo Day іс-шарасы өтті. Бұл — жүздеген қазақстандық команда үш ай бойы идеяларын нақты өнімге айналдырып, оны нарыққа шығаруға дайындалған жолдың жарқын қорытындысы болды.

2025 жылы бағдарламаға 390 өтінім түсіп, олардың 302 жобасы іріктеуден сәтті өтті. Толық циклді 77 стартап аяқтап, олардың 41%-ы келесі даму кезеңіне өтті. Бағдарлама аясында 46 жаңа жұмыс орны құрылып, 129 миллион теңге көлемінде сатылым жүзеге асты. Ал тартымды жобаларға $300 000 көлемінде инвестиция тартылды.

«Startup Garage — Astana Hub ұсынған инкубациялық бағдарлама. Ол стартаптарға алғашқы кезеңде гипотезаларын тексеруге, алғашқы клиенттерін табуға және жобаларын инвесторларға таныстыруға көмектеседі. Бұл жай ғана оқу емес. Бұл — идеяны толыққанды өнімге айналдыру, алғашқы сатылымдарды жасау және өзіңді кәсіби ортада таныту мүмкіндігі. Апта сайын қатысушылардың қалай өсіп жатқанын көріп, шабыттанамыз. Бағдарлама — агротехнологиядан бастап, білім, медицина мен IT-ге дейін әртүрлі саладағы таланттарды біріктіріп, еліміздің инновациялық экономикасын дамытуға жол ашады», — деді Ербол Ахметов, Astana Hub бизнес-бағдарламалар кеңсесінің директоры.

Demo Day 2025 шеңберінде таныстырылған стартаптар қатарында

• BookEat — мейрамханаларға арналған цифрлық платформа;

• hippo — медициналық мекемелерге арналған онлайн-витрина;

• Green Alem AR — сөйлеу қабілеті кешеуілдеген балаларға арналған ойын арқылы дамытатын AR-қосымша;

• AgrioPro — ауыл шаруашылығындағы су ресурстарын басқаруға арналған IoT және цифрлық платформа;

• UNO — спорттық абонементтерді бір шерту арқылы іздеп, сатып алуға арналған қосымша;

• AI Pradavan — сату бөлімін автоматтандыруға арналған AI-экожүйе;

• Cyberpack — оқушыларға арналған 32 практикалық жобадан тұратын STEAM-жинақтар;

• Vetra AI — чат форматына негізделген тапсырмалар мен кездесулерді басқаруға көмектесетін AI-хатшы;

Vsee.kz — онлайн броньдау және жазылуға арналған платформа; MunaLuna — рухани өсу мен ғибадатты қадағалауға арналған трекер;

• Tobi AI — ШОБ пен инди-бизнеске арналған виртуалды агенттері бар SaaS-платформа;

• aiokk — сөйлесу жазбаларын сараптап, нақты аналитика ұсынатын AI-негізіндегі сөйлеу талдаушысы; Pick Me — жекеменшік балабақшаларды басқаруға арналған цифрлық жүйе;

 aDrone.kz — ауыл шаруашылығына арналған сенімді дрон-сервистерді іздеу платформасы; yuyurooms — депозиттерді қорғау және дауларды шешу жүйесі бар ұзақ мерзімді жалға беру платформасы бар.

Startup Garage бағдарламасы 3 айға созылады. Оған апталық воркшоптар мен сарапшылардың дәрістері, жеке консультациялар, трекерлер мен менторлардың қолдауы, сондай-ақ Demo Day финалдық таныстырылымы кіреді.

«Startup Garage жобасына алғаш келгенде, ерекше бір нәрсенің бастауында тұрғандай болдым. Ішкі түйсігім бұл жол мені шын мәнінде маңызды нәрсеге алып келеді деп айтты. Бүгінде қолымызда нақты жұмыс істейтін өнім, алғашқы клиенттер, инвестиция бар. Ең бастысы — қайда баратынымыз бен не үшін баратынымыз айқын. Бастапқыда арман болған дүние енді сөйлеу қабілеті шектеулі балаларға көмек көрсететін нақты құралға айналды. Гипотезалар нақты сұранысқа айналды. Startup Garage мен үшін жай акселератор емес, нағыз өсу мен қолдаудың ортасына айналды. Мен идеямен келдім, ал енді толыққанды кәсіпкер екенімді сезініп кетіп барамын», — дейді Айнұр Нұрадил, Demo Day қатысушысы, Green Alem AR стартапының негізін қалаушы.

Өз кезегінде Astana Hub елімізде ғана емес, халықаралық деңгейде де мықты технологиялық экожүйе қалыптастыру бойынша өз миссиясын жалғастырып келеді. Demo Day — Қазақстанда өз саласында өзгеріс енгізуге дайын, өршіл командалардың бар екенінің тағы бір дәлелі.

TSARKA қолдауымен