Тараз қаласында су ресурстарын басқаруға арналған цифрлық шешімдер зауыты салынады
Тараз қаласында су ресурстары мен ирригациялық жүйелерді басқаруға арналған смарт-технологиялар өндіретін зауыт салу жоспарлануда. Жоба Қытай инвесторларының қатысуымен іске асырылады.
Қазақстан Республикасының Су ресурстары және ирригация министрлігі қытайлық компаниялар консорциумымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжатқа министр Нұржан Нұржігітов пен Yellow River Engineering Consulting Co. Ltd компаниясының директоры — бас экономисі Ин Дэвэнь қол қойды. Делегация құрамына сондай-ақ Leture Technology және Cheng Cheng Group өкілдері кірді.
Министрліктің мәліметінше, кәсіпорын су шаруашылығы саласына арналған цифрлық шешімдерді өндіретін болады. Атап айтқанда, су ресурстарын бөлу мен басқаруды автоматтандырылған мониторинг жүйелері, су деңгейі мен сапасын өлшейтін датчиктер, ирригациялық желілерді диспетчерлеуге арналған бағдарламалық-аппараттық кешендер, сондай-ақ тасқындар мен төтенше жағдайлар туралы ерте ескерту жүйелері шығарылмақ.
Жоба Қытайда қолданылып жүрген озық технологияларды жергіліктендіруді, білім мен тәжірибе трансфертін және Қазақстандағы су ресурстарын басқару саласына заманауи стандарттарды енгізуді көздейді. Зауыт «өндіріс — білім — ғылым» моделіндегі интеграцияланған орталықтың бір бөлігі болады. Мұнда жабдық өндірумен қатар, мамандарды даярлау және біліктілігін арттыру, сондай-ақ цифрлық шешімдерді елдің климаттық және гидрологиялық жағдайларына бейімдеу жұмыстары жүргізіледі.
Министрлікте жобаның іске асырылуы ирригациялық жүйелердің тиімділігін арттырып, су шығындарын азайтуға және Қазақстанның су қауіпсіздігін нығайтуға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Министр Нұржан Нұржігітовтің айтуынша, қытайлық серіктестермен ынтымақтастық ирригациялық жүйелерді автоматтандыру мен цифрландыруды енгізе отырып қайта жаңғыртуды, сондай-ақ кадр даярлауды да қамтиды. Оның сөзінше, соңғы екі жылда Power China компаниясының есебінен су шаруашылығы саласының 125 маманы Қытайда оқудан өткен.