Technovation Girls: Қазақстандық оқушылар ақтық сайысқа жолдама алды
Қазақстандық оқушы қыздар Калифорнияда өтетін Technovation Girls халықаралық технология байқауының финалына өтті. Астаналық сегіз жасар Аиша мен Өскемен қаласының тұрғыны Ева есту қабілеті нашар балаларды оңалтуға арналған қосымшаның прототипін ойлап тапқан. Айта кетейік, бағдарламаны елімізде Yandex Qazaqstan компаниясы қаржыландырады.
Аиша Есет және Ева Журкинадан тұратын DigiDaisies командасы құлағы дұрыс естімейтін балаларға арналған IHear қосымшасының прототипін ойлап тапты. Бұл қосымша - баланың сөйлеу қабілетін дамытатын қасиетке ие. Онда сөйлеу гимнастикасы, дыбыс тренажеры секілді түрлі жаттығулар бар. Жоба бастауыш сынып оқушыларына арналған Beginners байқауына қатысып, оң баға алған.
Аиша Есеттің айтуынша, жақын құрбысының құлағы туабітті естімейді екен. IHear қосымшасын ойлап табу идеясы оқушы қызға сол кезде келген.
Айта кетейік, “Technovation Girls” бағдарламасы 8-18 жас аралығындағы қыздарға арналған. Бағдарламаның басты мақсаты – әр адамның ІТ әлеміне деген қызығушылығын оятып, технология арқылы әлемді жақсы жаққа өзгерту.
Айта кетейік, биыл берілген өтінімдер бойынша Қазақстан ТОП-3 елдің қатарына енген. Бағдарламаға қатысу үшін 2 345 қыз өтініш түсірген. Бұл біздің ел үшін рекордтық көрсеткіш.
12 апталық бағдарламада қыздар іскерлік, маркетинг және презентация дағдылары бойынша білім беру модульдерін меңгеріп шыққан. Бұдан бөлек қатысушыларға Yandex Qazaqstan мамандары мен ғылыми қауымдастықтың өкілдері арнайы дәрістер өткен. Бағдарламаға қатысу мүлдем тегін екенін еске саламыз.
Бағдарлама жүзеге асқан 8 жыл ішінде Қазақстан құрамалары 6 рет финалға шықты. Ал 2017 жылы Қазақстан командасы 63 елдің арасынан үздік шығып, Гран-приге қол жеткізді.
Қазақстанда бұл бағдарлама «Kinergy» қоғамдық қорының коммерциялық емес жобасы саналады.
Ал демеушілері Yandex Qazaqstan, Alstom Foundation, People Consulting, Lenovo компаниялары.
TSARKA қолдауымен