Tomorrow School: Қазақстанда жасанды интеллект бойынша алғашқы мектептің ашылуы

Tomorrow School: Қазақстанда жасанды интеллект бойынша алғашқы мектептің ашылуы

Қазақстан Республикасының Президенті бастамасымен жасанды интеллект пен цифрландыруды дамыту аясында халықаралық Astana Hub технопаркі Tomorrow School атты жасанды интеллект бойынша алғашқы мектепті іске қосады. Бұл жоба 2025 жылы мектеп оқушыларына, студенттерге, зерттеушілерге және кәсіпкерлерге арналған Ұлттық жасанды интеллект орталығын құрудың бір бөлігі болып табылады.

Tomorrow School – жасанды интеллект бойынша инновациялық peer-to-peer оқыту жүйесін қолданатын бірегей мектеп, оны білім беру саласының әлемге танымал жаңашылы Николя Садиран жасаған 01 Edu платформасында жүзеге асырады. Мектеп студенттердің практикалық өзара әрекеттестігіне бағытталған және нөлден бастап бағдарламалау дағдыларын дамытады. Әлем бойынша осындай бағдарламалардың 90%-дан астам түлектері оқу аяқталғаннан кейін жұмыс табады, бұл әдістің тиімділігін растайды.

Tomorrow School оқу ерекшеліктері:

● Мұғалімдер мен дәстүрлі сабақтар жоқ — оқыту студенттердің өзара көмегі мен командалық жұмысына негізделген;

● Astana Hub технопаркінде (Астана қ.) офлайн форматта барлық студенттерге қатысу тегін;

● Мектеп тәулік бойы, аптасына 7 күн жұмыс істейді, студенттер өздеріне ыңғайлы оқу кестесін өздері құра алады;

● Қабылдау кезінде бағдарламалау бойынша алдын ала тәжірибе талап етілмейді.

Іріктеу процесіне логикалық ойлауды тексеретін екі онлайн ойынды өту, сондай-ақ оқудың бастапқы кезеңіне (бассейн) офлайн қатысу кіреді. Алғашқы бассейн 21 қазаннан 17 қарашаға дейін өтеді және қатысушыларға бағдарламалау әлеміне терең енуге, әрі болашақ оқу мүмкіндіктерін бағалауға мүмкіндік береді.

«Бассейннен» өткеннен кейін қатысушылар 18 айға созылатын негізгі оқуға көшеді, оның барысында 50-ден астам жобаны жүзеге асырып, Golang, Rust, JavaScript, Python және басқа да 20-дан астам бағдарламалау тілдерін меңгереді. Оқудың соңғы кезеңінде студенттер келесі мамандықтардың бірін таңдай алады: жасанды интеллект инженері, бағдарламалық қамтамасыз ету әзірлеушісі, фулстек әзірлеуші, мобильді қосымша әзірлеушісі, DevOps инженері, IT жүйелерінің сәулетшісі, киберқауіпсіздік маманы және бейне ойын әзірлеушісі. Бассейн кезеңінде ең жоғары нәтиже көрсеткен басқа қалалардан келген студенттер негізгі оқу кезеңінде тегін тұру мүмкіндігіне ие болады.

Tomorrow School-ға оқу үшін тіркелу 17 қазанға дейін ашық: https://tomorrow-school.ai.

TSARKA қолдауымен