Цифрлік даму министрлігінің басшысы маңызды нысандардағы киберқауіпсіздік үшін дербес жауапкершілік талап етті

Жаслан Мәдиев ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымның аса маңызды объектілерінің (АКИАМО) операторлары болып табылатын шамамен 70 ұйымның өкілдерінің қатысуымен кеңес өткізді.
Кездесу барысында министр стратегиялық маңызы бар нысандарда ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті. Ол бұл саладағы барлық талаптардың орындалуына ұйым басшыларының жеке жауапкершілігі қажет екенін айтты. Киберқауіпсіздікке жеткілікті көңіл бөлінбеуі ауыр салдарға әкелуі мүмкін екенін ескертті.
Министр АКИАМО-ның ақпараттық қауіпсіздік жөніндегі жедел орталықтарға қосылуын бақылауға ерекше назар аударды. Ол бұл мәселенің бұған дейін Мемлекет басшысының қатысуымен өткен Қауіпсіздік кеңесінің отырысында көтерілгенін, онда белгіленген мақсатты көрсеткіштерге қол жеткізудегі мәселелер талқыланғанын еске салды.
Сонымен қатар, министр АКИАМО операторлары міндетті түрде іске асыруы тиіс шараларды атап өтті:
● Ақпараттық қауіпсіздік жөніндегі жедел орталықты құру немесе оның қызметтерін сатып алу;
● Деректердің сыртқа шығуын болдырмау жүйелерін (DLP) енгізу;
● Ақпараттық қауіпсіздік аудитін тұрақты түрде өткізу;
● Ведомстволық желілерді мемлекеттік органдардың Бірыңғай қол жеткізу шлюзі арқылы интернетке қосу;
● Ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкестікке сынақтан өту.
Министр 2025 жылы ҚР ЦДИАӨМ Ақпараттық қауіпсіздік комитеті АКИАМО-ның жекеменшік операторларында талаптардың орындалуын жоспардан тыс тексеретінін хабарлады. Тексеру барысында анықталған бұзушылықтар бойынша әкімшілік шаралар қолданылатын болады.