Цифрлық теңге Ұлттық қор мен бюджет қаражатын ашық бақылауды қамтамасыз етеді

Цифрлық теңге Ұлттық қор мен бюджет қаражатын ашық бақылауды қамтамасыз етеді

Қазақстан Үкіметі бюджеттік процестерге цифрлық теңгені енгізіп, қаражаттың мақсатты жұмсалуын бақылауды күшейтуді көздеп отыр. Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектенов журналистерге берген брифинг барысында мәлімдеді.

Оның айтуынша, цифрлық валюта – бюджет пен Ұлттық қор есебінен қаржыландырылатын ірі инфрақұрылымдық жобалардың ашықтығын қамтамасыз етудегі негізгі құралға айналмақ. Қазіргі таңда айналымға 257,5 млрд цифрлық теңге шығарылып, платформа тәжірибелік-өнеркәсіптік пайдалануда. Толық іске қосу 2025 жылдың желтоқсан айына жоспарланған.

«Алдағы уақытта бюджет пен Ұлттық қордан қаржыландырылатын кемінде 100 ірі жобаны анықтап, оларды “Цифрлық теңге” жобасына енгізуіміз қажет. Сол кезде әрбір теңгенің қайда кеткенін нақты көретін боламыз. Мен жеке өзім бюджет қаражатын игеру процесінің цифрландырылуына үлкен үміт артамын. Бұл қаражатты тиімді жұмсауға мүмкіндік береді», – деді Олжас Бектенов.

Премьер-министрдің айтуынша, бұл тізімге ірі инфрақұрылымдық бастамалар кіруі мүмкін.

«Ұлттық қор есебінен іске асырылып жатқан жобалар өте көп. Мысалы, биыл “Бақты – Аягөз” теміржол тармағын салуды бастауды жоспарлап отырмыз. Бұл жобаны қосамыз деп отырмыз. Сондай-ақ, “Орталық – Батыс” автожолын салып жатырмыз – бұл жобаны да қосамыз. Осындай ауқымды жобалардан бастау керек деп ойлаймын, себебі ең ірі қаражаттар осы жерде игеріледі. Біз үшін олардың тек мақсатты әрі ашық жұмсалғаны маңызды», – деп нақтылады ол.

Цифрлық теңге қазірдің өзінде кейбір бағыттарда қолданылып жатыр. Атап айтқанда, цифрлық ҚҚС енгізу салықты қайтару мерзімін 75 күннен 5 жұмыс күніне дейін қысқартуға мүмкіндік берді. Ал жол жөндеуге бөлінген қаражатты белгілеу жүйесі «Павлодар–Атырау» және «Мұқыр–Құлсары» жобаларында сынақтан өтті.

Алдағы жоспарлар қатарында цифрлық теңгені мына салаларға енгізу қарастырылуда:

  • жылжымайтын мүлік пен автокөлікпен байланысты мәмілелер;
  • мектептегі тамақтандыру;
  • қымбат тауарларды сатып алу;
  • агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік қолдау шаралары.

Үкімет бюджет ағындарын цифрландыру шығындардың тиімділігін арттырып, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтады деп үміттеніп отыр.

TSARKA қолдауымен