Цифрлық трансформация және жасанды интеллект: Моңғолияда CAMCA Regional Forum 2025 басталады

Цифрлық трансформация және жасанды интеллект: Моңғолияда CAMCA Regional Forum 2025 басталады

2025 жылғы 19–20 маусым аралығында Ұланбатыр қаласында CAMCA Regional Forum 2025 өтеді. Бұл – Орталық Азия, Кавказ, Моңғолия және Ауғанстан мемлекеттері арасындағы өңірлік болашақ жөніндегі стратегиялық диалогқа арналған ауқымды бейсаяси алаң. Биылғы форумның негізгі тақырыбы – «Өңірлік болашақтың көрінісі: CAMCA кеңістігіндегі бизнес, қоғам және басқару». Ол өңір дамуының келешегін жан-жақты талқылауға бағытталған. Форумды CAMCA желісі, Орталық Азия мен Кавказ институты және Рамсфелд қоры ұйымдастырады.

Форумға CAMCA өңірін құрайтын он елден (Орталық Азия, Моңғолия, Кавказ және Ауғанстан) 300-ден астам қатысушы, сондай-ақ ынтымақтастық пен тәжірибе алмасуға мүдделі сарапшылар мен зерттеушілер қатысады. Бағдарлама 30-дан астам сессияны қамтиды және өңірдің дамуындағы негізгі мәселелерге басымдық береді.

Пленарлық және панельдік сессияларда сөз сөйлейтіндер қатарында – Моңғолия Сыртқы істер министрлігінің ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі және COP17 ұйымдастыру комитетінің мүшесі Чимгуундарий Наваан-Юнден, АҚШ Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің бұрынғы кеңесшісі профессор Брианн Тодд, сондай-ақ энергетика саласының маманы әрі Колумбия университетінің зерттеушісі Джонатан Элкинд бар. Сонымен қатар, өңірдегі стратегиялық коммуникациялар мен орнықты серіктестік мәселелерін қозғайтын TIDAM коммуникациялық агенттігінің бас директоры Айнура Умаева да форумда сөз сөйлейді. Жалпы, форумда 75-тен астам спикер өз ойларымен бөліседі.

CAMCA 2025 күн тәртібі өңірлік маңызы бар бірқатар бағыттарды қамтиды. Солардың ішінде – инвестициялар мен экономикалық тұрақтылық мәселелері бар. Бұл тақырыпқа арналған пленарлық отырыста Templeton Global Investments, Моңғолия Қор биржасы және Моңғолия Сауда және даму банкі өкілдері қатысады. Геосаясат пен «жасыл» қаржыландыру тақырыптары Халықаралық қаржы корпорациясы (IFC), Еуропа қайта құру және даму банкі (EBRD) және Моңғолия Табиғи мұра қоры өкілдерінің қатысуымен қарастырылады. Сессияларда сирек кездесетін пайдалы қазбалар мен жеткізу тізбектері туралы да талқылау өтеді – бұл бағытта Моңғолия өз стратегиясын Қазақстан мен халықаралық тау-кен компанияларының қатысуымен таныстырады.

Технология мен инновация тақырыбына да ерекше назар аударылады. Жасанды интеллект (ЖИ), қаржы технологиялары және стартап-экожүйелерді дамыту Accelerate Prosperity, Qazaqstan Venture Group және Моңғолиядағы технологиялық компаниялардың қатысуымен талқыланады. Бұдан бөлек, CAMCA Conversations форматында жас жаңашылдармен сұхбаттар өтеді, сондай-ақ Қазақстан, Қырғызстан, Ауғанстан және Моңғолия журналистерінің қатысуымен өңірлік медиа болашағы туралы дөңгелек үстел ұйымдастырылады. Форумда CAMCA институционализациясы, яғни өңірішілік тұрақты үйлестіру механизмдерін дамыту мәселесі де қарастырылады.

Форум — бүкіл өңірді өзгерте алатын идеялармен алмасуға және шешімдер іздеуге арналған бірегей алаң. Негізгі назарда – орнықты даму, климаттық бастамалар, әйелдер мен жастар көшбасшылығы, туризм, көлік, білім және тиімді мемлекеттік басқару бағыттары болады.

CAMCA Regional Forum бастапқыда өңірдегі он елдің жас көшбасшылары мен кәсіпқойлары арасында ашық диалог пен ынтымақтастықты дамыту үшін бейсаяси платформа ретінде құрылған. Форумның миссиясы – CAMCA кеңістігінде өңірлік серіктестікті ілгерілету және орнықты дамуға қолдау көрсету арқылы экономикалық өсім мен әлеуметтік прогреске ықпал ету. Ұйымдастырушылардың айтуынша, алдағы форум жаңа ынтымақтастық көкжиектерін ашып, инновациялық шешімдерге шабыт береді және ортақ өңірдің орнықты әрі өркендеген болашағын қалыптастыруға үлес қосады.

TSARKA қолдауымен