#УчителяКазахстана: TikTok мұғалімдерге арналған байқау бастайды
TikTok Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі және Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен #УчителяКазахстана байқауын бастайды. Байқау үшінші жыл қатарынан өткізіліп отыр және оған мектеп мұғалімдері, колледж және жоғары оқу орындарының оқытушылары қатыса алады. Қатысу үшін олар өз пәндері бойынша танымдық бейнероликтерді платформада жариялауы қажет.
2022 жылы TikTok платформасы алғаш рет Қазақстанның Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен еліміздің мектеп мұғалімдеріне арналған байқауды іске қосқан болатын, ал 2023 жылы Ғылым және жоғары білім министрлігімен серіктестік арқасында жоғары оқу орындарының оқытушылары да байқауға шақырылды.
#УчителяКазахстана бастамасы бүкіл ел бойынша көптеген мұғалімдерді платформа аудиториясымен білім бөлісуге шабыттандырды. Өткен жылдардағы байқау жеңімпаздары, олардың ішінде Ботагөз Омарова, Игорь Гноевой, Хайдар Мурзахметов, өздерінің видеоларында миллиондаған лайк жинап, кең аудиторияның ықыласына ие болды. Қазіргі уақытта #УчителяКазахстана хештегі бойынша шамамен 20 мың жарияланым жасалды.
Қалай қатысуға болады?
TikTok-те танымдық контент жасайтын немесе оны жасауды бастағысы келетін мектеп мұғалімдері мен колледж және жоғары оқу орындарының оқытушылары байқауға шақырылады. 4 қарашадан 3 желтоқсанға дейін қатысушылар өз пәндеріне сәйкес келетін қысқа танымдық бейнероликтерді платформада жариялауы қажет. Роликтердің ұзақтығы кемінде 30 секунд болуы және байқаудың #УчителяКазахстана хештегі пайдаланылуы маңызды.
Биылғы ұлттық байқаудың жеңімпаздары үш қатысушы болады. Жеңімпаздар лайктар саны, көрілімдер саны, видеороликтердің сапасы және оқытылатын пәнге сәйкестігі сияқты критерийлер негізінде анықталады.
Байқау жеңімпаздары TikTok-та сапалы бейнеконтент жасауды жалғастыруға және дамытуға көмектесетін iPhone 16 Pro смартфондарына ие болады. Толық ережелер TikTok қосымшасындағы байқау бетінде қолжетімді.
«#УчителяКазахстана байқауы мен үшін контент авторы және мұғалім ретінде дамуымның маңызды кезеңіне айналды. Байқау маған білім беру контентін құрудың жаңа тәсілдерін табуға және білімімді қызықты түрде бөлісуге мүмкіндік берді. Бұл маған дәстүрлі оқыту шеңберінен шығып, күрделі тақырыптарды оқушыларға түсінікті әрі қызықты етіп жеткізудің жолын табуға мүмкіндік берді. Маған әсіресе оқушыларымның физиканы талқылап, өз ойларымен бөлісіп, тәжірибелерге арналған жаңа идеялар ұсынғанын көру ерекше қуаныш болды», – дейді #УчителяКазахстана байқауының 2023 жылғы жеңімпазы, физика пәнінің мұғалімі Хайдар Мурзахметов.
«Байқауға дейін мен TikTok-тағы аккаунтымды бір жыл бойы жүргізіп, 35 мың жазылушым болды, ал байқау кезінде маған 100 мың адам жазылды. Сол кезде мен дұрыс бағытта келе жатқанымды түсіндім. Менің кез келген білім беру ролигімнің астында өзіме мұғалім ретінде айтылған көптеген оң пікірлер бар. TikTok білім алу үшін үлкен көмек екенінің танылуы деп ойлаймын. Егер мен роликтерді жай ғана қарапайым мұғалім ретінде жазсам, онда жас жазылушыларымның назарын аудара алмас едім. Сондықтан ерекше тәсіл қажет деп шештім! Бұл менің TikTok-та алға жылжуыма маңызды рөл атқарды», – дейді #УчителяКазахстана байқауының 2023 жылғы жеңімпазы, орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ботагөз Омарова.
«#УчителяКазахстана байқауының арқасында мен өз аккаунтымды дамытуды жалғастырдым, қазіргі уақытта оны білім іздейтін жас мамандар жеткілікті деңгейде қолдайды. Бастапқы авторларға айтарым: егер сіз платформаны қолданып, контент жасасаңыз, онда TikTok-тағы әрбір сөзіңізге, әрбір қимылыңызға мұқият болыңыз. Сіз мұғалімсіздер және қоғамға ізгілік пен білім таратасыздар», – дейді #УчителяКазахстана байқауының 2023 жылғы жеңімпазы, бастауыш сынып мұғалімі Игорь Гноевой.
Биылғы бастаманың серіктестері тағы да Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі және Ғылым және жоғары білім министрлігі болды. Жобаның ресми амбассадорлары ретінде химия пәнінің мұғалімі Ұлан Үсенов @wannabeteacher, сондай-ақ өткен жылғы байқау жеңімпаздары Хамза Дәулетбек @khamza_d және Хайдар Мурзахметов @neverhaid тағайындалды. Амбассадорлар мұғалімдерге арнайы вебинар өткізіп, TikTok-тағы кең аудиторияға қызықты болатын танымдық контент жасаудың қыр-сырын бөліседі.
«TikTok-пен бірлескен жоба педагогтарды оқытуға шығармашылық тәсілдер іздеуге шабыттандырып, білім алуды қызықты іс етіп көрсетеді деп үміттенеміз. Визуалды және интерактивті форматтар мұғалімдерге материалды қолжетімді және қызықты етіп жеткізуге көмектеседі. Жоба педагогтар мен оқушыларға көптеген шабыт пен жаңа идеялар әкеледі деп сенемін», – Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз хатшысы Мереке Амангелдіқызы.