Үкімет Жасанды интеллект саласын дамыту тұжырымдамасын қабылдады
Үкімет 2024-2029 жылдарға арналған жасанды интеллект саласын дамыту тұжырымдамасын қабылдады. Премьер-министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысының берген тапсырмасы дұрыс жолға қойылғанын айтып, 2029 жылға қарай жасанды интеллектіні қолданып жасалған өнімдер саны 5 есеге өсуі керектігін алға тартты.
«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жасанды интеллектіні енгізуге арналған экономиканың басым секторлары айқындалды. Олардың қатарында мемлекеттік басқару, мұнай-газ, тау-кен өндіру, энергетика, көлік, логистика, сумен жабдықтау және ауыл шаруашылығы салаларындағы табиғи монополия субъектілері бар. Тиісті инфрақұрылымды құру, деректерді өңдеудің ең соңғы үлгідегі орталықтарын салу, суперкомпьютерді іске қосу және Ұлттық жасанды интеллект платформасының жұмыс істеуі бойынша шараларды жандандыру қажет. 2029 жылға қарай жасанды интеллектіні қолданып жасалған өнімдер саны 5 есеге өсуі тиіс. Осыған сәйкес, білім беру бағдарламаларының немесе жасанды интеллект бойынша пәндердің үлесі артуы керек. Бізге осы саладағы білікті мамандар қажет. Бұл ретте отандық компаниялардың мүмкіндіктері мен қажеттіліктерін барынша ескеру маңызды, бұл тұтастай экономикаға мультипликативтік әсер береді», — деді Олжас Бектенов.
Олжас Бектенов Ғылым министрлігіне жыл соңына дейін KazLLM үшін деректер жинауды аяқтауды тапсырды.
«Саясат Нұрбекұлы, бірінші үлкен тілдік моделді сынақтан өткізу ІІІ тоқсанда жүргізілуі тиіс. Жасанды интеллект саласындағы мамандардың жетіспеушілігі бар екенін білеміз. Сондықтан IT мамандарын қайта даярлау мен біліктілігін арттыру бағдарламаларын кеңейту қажет. Жасанды интеллект орталығының базасында жастарды тарту, адами капиталды дамыту және жасанды интеллект мәдениетін ілгерілету үшін экожүйені құру қажет», - деді Олжас Бектенов.
Сондай-ақ ол Әділет министрлігіне жасанды интеллектіні қолдану саласын реттеу үшін заңнамалық базаны жетілдіру жөніндегі жұмыстарды күшейтуді жүктеді.
TSARKA қолдауымен