Қазақстан – Орталық Азиядағы венчурлік нарықтың көшбасшысы: 2024 жылы 71 млн доллар инвестиция тартылды

Қазақстан – Орталық Азиядағы венчурлік нарықтың көшбасшысы: 2024 жылы 71 млн доллар инвестиция тартылды

Қазақстан Орталық Азияның негізгі венчурлық хабы ретіндегі орнын нығайта түсуде. Елдегі венчурлық инвестиция көлемі 71 млн АҚШ долларына жетіп, аймақтағы барлық венчурлық келісімнің 74 пайызын құрады.

RISE Research EA Group холдингі, MA7 Ventures, BGlobal Ventures («Qazaqstan Investment Corporation» АҚ қорлар қорының еншілес компаниясы), KPMG және dealroom.co платформасымен бірге Орталық Азия венчурлық нарығының 2024 жылғы жұмысын толық зерделеді. Зерттеу жұмыстарына 200-ден астам стартап, 40 венчурлық инвестор және нарық эксперттері қатысты.

Белгілі болғандай, Орталық Азияның венчурлық нарығы дамып келеді. Аймақта 2024 жылы іске асырылған венчурлық келісімдердің жалпы сомасы 95 млн АҚШ долларын құрады, бұл 2023 жылғы нәтижемен салыстырғанда 7 пайызға артық.

Осы орайда Қазақстан көш басындағы орнын сақтап келеді және Орталық Азиядағы венчурлық инвестицияның ең белсенді нарығы болып қалуда: аймақтағы жалпы инвестиция көлемінің 74 пайызы осында тиесілі. 2024 жылы қазақстандық стартаптар 71 млн АҚШ долларын жұмылдырды, ал 2018 жылдан бергі инвестиция көлемі артуының жылдық қарқыны орташа есеппен 35 пайызды құрап отыр.

«Орталық Азиядағы венчурлық капитал нарығы, оның ішінде Қазақстанда, белсенді дамып келеді. Жаһандық нарыққа қадам басатын стартап саны күн сайын артуда, ал халықаралық инвесторлар аймақтың даму мүмкіндігін көріп отыр. MA7 Ventures қоры тек инвестиция құйып қоймай, стартаптардың дамуына, халықаралық нарыққа шығуына жағдай жасаймыз, негізін қалаушылар мен инвесторлардың аймақтың әлемдік нарықтағы орнын дамытудағы қадамдарына қолдау көрсетеміз», – дейді MA7 Ventures негізін қалаушы Мұрат Әбдірахманов.

Белсенді инвесторлар саны үш есеге көбейіп, 60 қатысушыдан асты. Бұл елдегі стартап-экожүйесіне деген қызығушылықтың артқанын көрсетеді. Небәрі бір жылдың ішінде 80-нен астам венчурлық келісім тіркелді.

«Венчурлық нарық табысының нағыз көрсеткіші – тек келісімдер саны ғана емес, стартаптардың дамуы және әлемдік нарықта өз орнын табу мүмкіндігі. Қазақстан аймақтағы инновацияның қозғаушы күші бола алатынын дәлелдеді. Біздің ендігі мақсатымыз – әлемдік деңгейдегі стартаптар құру. EA Group холдингі ойын ережесін өзгерте алатын жобаларды қолдайды және Орталық Азияның стартаптарын Еуропа нарығына шығуға көмектесеміз», – дейді EA Group СЕО Ерік Аубакиров.

Әсіресе, жасанды интеллект (АІ), HealthTech және Enterprise Software секілді бағыттар жақсы дамуда. Көптеген АІ-стартаптар жасанды интеллект технологиясын қаржы, медицина және басқа да бағыттарға пайдаланатындықтан, олар бұл санатқа жатпайды. Ал бұл АІ саласының нарыққа нақты әсері ресми мәліметтерге қарағанда анағұрлым жоғары екенін көрсетеді.

«Зерделеу нәтижесінен Орталық Азияның жаһандық венчурлық нарықтың маңызды бөлігіне айналғанын көруге болады. MA7 Angels Club инвесторлары қазірдің өзінде болашақты өзгерте алатын стартаптарды қолдау арқылы өз қаржыларын аймақтағы мықты технологиялардың дамуына жұмсауда», – деп атап өтті MA7 Angels Club СЕО, бизнес-инвестор Елжан Күшекбаев.

Нарықта, сонымен қатар, орташа көлемдегі келісімдер көбейген. Бұл инвесторлардың қазақстандық стартаптарға қызығушылығы артқанын білдіреді. Ерте бастағы келісімдер (pre-seed и seed) арасында SAFE келісім-шарттарының үлесі көбейіп (63%), капитал жұмылдыру процесі жеңілдеген.

«Қазақстанда венчурлық нарықтың сенімді өсуі байқалады: орташа көлемдегі келісімдер саны көбейіп, стартаптардың маңызы арта түсті, халықаралық капиталды жұмылдырып, дұрыс қолдану қабілеті нығайды. BGlobal Ventures білім беру бастамалары мен қаржыландыру арқылы экожүйенің дамуына әсер етуде. Біз Қазақстан аймақтың жобаларын халықаралық нарықтарда дамыту алаңына айналуға дайын деп сенімдіміз», – дейді BGlobal Ventures СЕО Нұржан Қадіркей.

2024 жылы қазақстандық 12 венчурлық қор қаржысының жалпы көлемі 157 млн АҚШ долларынан асып, оның ішінде 32 пайызы стартаптарға құйылды. Венчурлық қор қаржысының 44 пайызы жеке инвесторларға тиесілі (high-net-worth individuals), дегенмен, қазірдің өзінде белгілі мемлекеттік бастамалар, оның ішінде қорлар қоры, 2025 жылдың өзінде қорландыру көзін біршама өзгертуі мүмкін.

Айта кету керек, 2024 жылы қазақстандық стартаптардың АҚШ, Еуропа, Таяу Шығыс пен Оңтүстік-Шығыс Азия сияқты халықаралық нарықтардағы белсенділігі анағұрлым арта түсті. Бұл факторлар инвестициялық чектің орташа мөлшерін және компанияның бағасын едәуір арттырады, соның нәтижесінде таяу болашақта Қазақстанда алғашқы unicorn-стартаптың пайда болуына әсер етуі мүмкін.

Толық зерттеуді мына сілтемеден оқуға болады

TSARKA қолдауымен