Қазақстан қалаларындағы «ақ дақтармен» күресу үшін VoWiFi технологиясы енгізіледі

Қазақстан қалаларындағы «ақ дақтармен» күресу үшін VoWiFi технологиясы енгізіледі

Қазақстанда 2026 жылы кез келген қолжетімді Wi-Fi желісі арқылы дауыс қоңырауларын шалу мен қабылдауға мүмкіндік беретін VoWiFi технологиясын жаппай іске қосу жоспарлануда. Бұл инновациялық шешім тұрғын және кеңсе ғимараттарындағы әлсіз ұялы байланыс аймақтары — «ақ дақтар» мәселесін жоюға мүмкіндік береді. Бұл туралы Үкімет отырысында байланыс операторларының өкілдері хабарлады.

«VoWiFi технологиясы Wi-Fi арқылы дауыс қоңырауларын шалуға мүмкіндік береді. Біз қызметкерлер арасында сәтті пилоттық жобаны өткіздік, ал келесі жылы технология кеңінен қолжетімді болады», — деді «Кар-Тел» компаниясының атқарушы директоры Евгений Настрадин.

Сала өкілдерінің айтуынша, халықтың 99%-ы 4G байланысымен қамтылғанына қарамастан, «ақ дақтар» мәселесі әлі де өзекті. Негізгі себептер — жаңа ғимараттардың белсенді салынуы салдарынан сигналдың әлсіреуі және қолданыстағы базалық станциялардың жиі бұзылуы.

Әкімдіктерге базалық станциялар орнатуға арналған орындарды бөлу тапсырылды

Үкімет отырысында Премьер-Министр әкімдіктерге байланыс базалық станцияларын орнату үшін кез келген қолайлы нысандардан орын бөлу жөнінде тапсырма берді.

«Елді мекендерде байланыс пен интернет сапасы төмен аймақтарды жою үшін өңір әкімдіктеріне байланыс операторларына базалық станциялар орнатуға орын бөлуге, соның ішінде кез келген қолайлы нысандарды пайдалануға көмектесуді тапсырамын», — деді Олжас Бектенов.

Сонымен қатар Премьер-Министр байланыс инфрақұрылымын салу кезіндегі артық бюрократиялық кедергілерді жою қажеттігін атап өтті. 

Себебі бір ғана антенна-мачта құрылымын орнату процесі кейде бір жылға дейін созылады.

«Жаппай цифрландыру жағдайында бұл процестерді оңтайландырып, айтарлықтай жеделдету қажет. Осы мәселе бойынша бір ай мерзімде нақты ұсыныстар әзірлеуді Жасанды интеллект министрлігіне, Индустрия және құрылыс министрлігімен және байланыс операторларымен бірлесіп тапсырамын», — деп атап өтті Премьер-Министр.

TSARKA қолдауымен