Үздік қазақстандық AI-стартаптар AlmatyFair.ai аясында таңдалды

Үздік қазақстандық AI-стартаптар AlmatyFair.ai аясында таңдалды

Алматыда өткен ауқымды AlmatyFair.ai көрмесі аясында AI Startup Showdown атты тартысты питч-баттл ұйымдастырылды. Бұл алаңда болашағы зор қазақстандық AI-стартаптар жоғары баға мен жүлде қоры үшін бақ сынады. Байқау жеңімпазы атанған FinFlow $5000 жүлде және Кремний алқабында (АҚШ) өтетін Hero Training акселерациялық бағдарламасына жолдама ұтып алды.

AI Startup Showdown қысқа питч форматта өтіп, әрбір қатысушыға өз жобасын таныстыруға 3 минут берілді. Содан кейін стартап-индустрияның жетекші мамандарынан құралған қазылар алқасы сұрақтар қойып, жобалардың келешегін бағалады.

«Бұл жолғы баттлға Қазақстанның 13 стартапы қатысып, жасанды интеллект негізінде әзірленген ерекше шешімдерін ұсынды. Қазылар құрамында саланың үздік сарапшылары болды: Ерзат Дулат – Higgsfield AI компаниясының бас директоры, Ербол Көпжасар – Kepl.ai негізін қалаушы, Элисар Нұрмағамбетов – Black Ice AI стартапының негізін қалаушы және бас директоры. Олардың мол тәжірибесі қазылар алқасының жоғары деңгейін айқындады: әрқайсысы идеядан бастап, ауқымды бизнеске дейінгі жолды өтіп, инвестиция тартып, өз компанияларын жаһандық нарыққа шығарды», – деді Ербол Ахметов, Astana Hub бизнес-бағдарламалар офисінің директоры.

AI Startup Showdown байқауының жеңімпазы атанған FinFlow шағын және орта бизнеске арналған AI-CFO, яғни қаржылық басқару мен шығындарды оңтайландыруды жеңілдететін зияткерлік құралдар жиынтығын ұсынады. Екінші орын мен $3000 жүлдені мультимодальды ЖИ-саудагерлер құруға арналған инновациялық құрал — Pleepиеленді. Ал үшінші орын мен $2000 жүлде Foody.ai жобасына бұйырды. Ол жасанды интеллект арқылы дұрыс тамақтану әдеттерін қалыптастыруға көмектесетін цифрлық көмекші ретінде жасалған.

«Бұл кезекті тамаша баттл болды: мықты стартаптар, жоғары деңгейде ұйымдастырылған іс-шара. Қазылар алқасы ерекше қуантты – саланы терең білетін, тәжірибелі мамандар. Олар нақты әрі мәнді сұрақтар қойды. Біздің жобаға келсек, инвестициялық раундты аяқтауға жақынбыз, сәуірде қорытындылап, Орталық Азияда белсенді масштабтауды бастаймыз. Қазірдің өзінде Қазақстаннан бөлек, Өзбекстан мен Әзербайжанда әлеуетті серіктестеріміз бен клиенттеріміз бар, банктермен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Алдағы жыл маңызды оқиғаларға толы болмақ, командамызды кеңейтіп, әзірлеушілер іздеп жатырмыз. Жаңа мүмкіндіктерді тағатсыздана күтеміз», – деді Дәулет Айтмақанов, баттл жеңімпазы және FinFlow бас директоры.

AI Startup Showdown байқауына мына стартаптар да қатысты: инсультті оңалтатын цифрлық терапия платформасын ұсынған Flection.ai, визуалды ақпаратты түсінетін жасанды интеллект агенті Bizdin.ai, әлеуметтік желілерде контент генерациясы арқылы өсімді жеделдететін RE:Create AI сервисі, бизнесті кешенді цифрландыруға арналған KOZ AI шешімдері, қалалардың тұрақтылығын арттыратын Qala ai платформасы, корпоративтік сатып алулар аудитін автоматтандыруға арналған redflags.ai, оқиғалардың алдын алуға бағытталған видеоаналитика жүйесі Protector AI, мектептерге кәсіби бағдар мен психологиялық қолдау көрсететін WeGlobal.aiплатформасы, отбасылық қолдануға арналған әлеуметтік робот KikoAI және қатерлі ісікті ерте диагностикалаудың инновациялық әдістерін әзірлеуші OncoZero.AI.

AlmatyFair.ai көрмесі 2025 жылғы 28–30 наурыз аралығында Алматыда өтті. Бұл – Қазақстан мен Өзбекстан мемлекет басшылары қатысқан жасанды интеллект саласындағы ең ірі көрме. Мұнда GovTech, BigTech және Smart City бағыттарындағы озық шешімдер ұсынылды. Сондай-ақ жетекші сарапшылардың қатысуымен панельдік сессиялар өтті. Көрме алаңында IT-компанияларға, өндірістік инновацияларға, білім беру жобалары мен стартап аллеясына арналған аймақтар, сондай-ақ дрондар мен робототехника шоу-аймақтары жұмыс істеді.

AlmatyFair.ai көрмесін Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, Алматы қаласының әкімдігі және Astana Hub ұйымдастырды. Көрменің бас демеушісі – Kaspi.kz, ресми серіктестері – Freedom Bank және Halyk Bank.

TSARKA қолдауымен