Жаңа e-Kino жүйесі Қазақстан киноиндустриясының үдерістерін автоматтандыруға көмектеседі

Қазақстанда киноөндіріс саласындағы бизнес-үдерістерді жеңілдетуге, бюрократиялық кедергілерді жоюға және саланың ашықтығын арттыруға мүмкіндік беретін e-Kino ақпараттық жүйесі әзірленуде. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев Үкімет отырысында мәлімдеді.
Оның айтуынша, киноиндустрияда әлі де жүйелі мәселелер бар, олардың қатарына артық құжат айналымы, мемлекеттік қолдауды бөлуге арналған цифрлық құралдардың жоқтығы және кассалық түсімдердің ашық еместігі жатады. Бұл кинофильмдердің шығарылуын қиындатып, қаржылық шығындарға әкеліп соғады және субъективті шешімдердің қаупін арттырады.
e-Kino жүйесі бұл мәселелерді үдерістерді автоматтандыру, сондай-ақ AI мен Big Data технологияларын енгізу арқылы шешуге бағытталған.
Жүйе келесі мүмкіндіктерді қамтамасыз етеді:
• Бюрократиялық кедергілер мен субъективті шешімдерді барынша азайту;
• Билет сату сервистерімен интеграциялану арқылы көлеңкелі айналымды жою;
• Стримингтік платформалар мен краудфандингті қамтитын цифрлық экожүйе құру, бұл жаңа қаржылық мүмкіндіктерге жол ашады.
Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов e-Kino платформасын жедел іске қосудың маңыздылығын ерекше атап өтті. Оның айтуынша, бұл жүйе киноөндіріс саласындағы табыстардың ашықтығын қамтамасыз етіп, авторлық құқықтарды қорғауға көмектеседі.
Сондай-ақ, Премьер-министр қазіргі жағдайда киноөндірістен түсетін негізгі табыс кинотеатр иелеріне тиесілі екенін, ал саланың тұрақты дамуы үшін продюсерлер мен прокатшылардың мүдделері арасында тепе-теңдік орнату маңызды екенін атап өтті.