Жаслан Мадиев IT-қоғамдастықпен цифрлық саланы дамыту мәселелерін талқылады

Astana Hub алаңында Astana International Forum аясында ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мадиевтің қатысуымен дөңгелек үстел өтті. Кездесуге мемлекеттік органдардың, IT-компаниялардың, салалық қауымдастықтардың және бизнес-қоғамдастықтың шамамен 50 өкілі қатысты.
Талқылау ашық диалог форматында өтті. Қатысушылар сенімді бағдарламалық қамтамасыз ету тізілімін реформалау, электрондық өнеркәсіпті дамыту, IT-функцияларды мемлекет пен бизнес арасында бөлу, сондай-ақ электрондық мемлекеттік қызметтер архитектурасын жаңарту сияқты негізгі тақырыптарды көтерді.
Жасанды интеллект мәселесіне жеке назар аударылды. Министр үш негізгі бағыт бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтты: институционалдық даму, инфрақұрылым және адами капитал. Атап айтқанда, ЖИ мен креативті индустрияны дамыту жөніндегі комитет құрылды, ЖИ дамыту тұжырымдамасы бекітілді, стандарттар мен этикалық нормалар әзірленуде. Қазақстан Кремний алқабында суперкомпьютерлік платформаны іске қосты және Орталық Азиядағы ең қуатты NVIDIA H200 негізіндегі AI-суперкомпьютерін алды.
Сондай-ақ ұлттық AI-экожүйесінің өзегі болатын alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығының тұжырымдамасы таныстырылды. Орталық білім беру бағдарламаларын, AI-кампусын, ғылыми-зерттеу зертханаларын және мемлекеттік секторға арналған GovTech AI шешімдерін енгізу алаңын біріктіреді.
Кездесу соңында қатысушылар ұсыныстар алмасып, қазіргі кедергілерді талқылап, IT-саланы бірлесіп дамыту бойынша жұмысты жалғастыруға уағдаласты.