ЖИ аймақтар мен орталық арасындағы білім беру алшақтығын қысқартады

ЖИ аймақтар мен орталық арасындағы білім беру алшақтығын қысқартады

Қасым-Жомарт Тоқаев: ЖИ білім беру деңгейіндегі орталық пен өңірлер арасындағы алшақтықты азайтуға жағдай жасайды

Президент тағы бір өзекті міндет ретінде сапалы білімге қолжетімділікті кеңейтуді атады.

«ЖИ-ды кеңінен қолдану орталық пен өңірлер, қала мен ауыл арасындағы білім беру деңгейіндегі алшақтықты азайтуға нақты жағдай жасайды. Әсіресе бұл шағын жинақты мектептерге қатысты. Жасанды интеллект технологияларын енгізу ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды кешенді қолдау үшін де өте маңызды. Біздің мақсатымыз – шынымен инклюзивті білім беру ортасын қалыптастыру. Бұл Әділетті Қазақстанды құрудың негізгі шарттарының бірі», – деді ол.

Мемлекет басшысының пікірінше, жасанды интеллект білімді дамыту мен таратудың оң әсерін тигізеді.

Ол заманауи технологияларды меңгере отырып, халықтың өзіндік болмысын, мәдениеті мен құндылықтарын сақтау қажеттігін, сондай-ақ жаңа үрдістер әкелетін артықшылықтар мен тәуекелдерді ескеру керектігін атап өтті. Оның айтуынша, біздің дүниетанымымызға жат нарративтер білім беру жүйесіне еніп кетпеуі тиіс. Ақыр соңында жасанды интеллект халық мүддесіне қызмет етуі қажет.

«Қайталаймын, жасанды интеллект білім беруде қосымша құрал ретінде қолданылуы мүмкін. Алайда білімнің сапасы мен мазмұны үшін жауапкершілікті машина емес, адам атқаруы тиіс. Білімнің шынайылығының басты кепілі – мұғалім, ол материалдардың мемлекеттік стандарттарға, ғылыми өлшемдерге және мәдени құндылықтарға сәйкестігін қамтамасыз етеді. Сондықтан Үкімет мемлекеттік стандарттарға сай сапалы контент әзірлеуге мүмкіндік беретін ұлттық білім беру платформасын жасауы тиіс. Айта кеткім келеді: біз жасанды интеллект саласындағы өзіміздің әзірлемелерімізді қолдануымыз қажет», – деді Мемлекет басшысы. 

TSARKA қолдауымен