ЖИ пен суперкомпьютер Қазақстан мемлекеттік органдарының цифрлық трансформациясының өзегіне айналады

Премьер-Министр Олжас Бектенов цифрландыру мәселелері жөніндегі комиссияның отырысын өткізді. Мемлекет басшысының тапсырмасымен іске қосылған Суперкомпьютерді ескере отырып, жасанды интеллект экожүйесін дамыту бағыттары қаралды. QazTech платформасы негізінде салалар мен мемлекеттік органдар қызметін одан әрі цифрлық трансформациялау мәселелеріне назар аударылды.
Цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев жасанды интеллект инфрақұрылымының құрылуы туралы баяндады. Мемлекеттік органдардың деректерді өңдеу орталығы Суперкомпьютерді орналастыру үшін қайта жабдықталған.
Қазақстанда институционалдық орта қалыптастыру мақсатында 2024–2029 жылдарға арналған Жасанды интеллектті дамыту тұжырымдамасы бекітілді, сондай-ақ «Жасанды интеллект туралы» заң жобасы әзірленді. Бұл саладағы кадрларды даярлау үшін AI Corporate, TUMO Center, AI People және басқа да білім беру бағдарламалары жүзеге асырылуда. Сонымен қатар, e-agent, egov AI, AI-терапевт, tax helper, SDU және Е-аудармашы сияқты әзірленіп жатқан цифрлық шешімдер туралы ақпарат ұсынылды.
Отырыста салаларды цифрлық трансформациялау қарқыны да талқыланды. QazTech ұлттық платформасы цифрлық өнімдерді жедел әзірлеуге арналған.
Министрдің айтуынша, платформалық цифрландыру моделін енгізу жаңа ІТ-шешімдерді іске қосу мерзімін 1,5–3 жылдан 6 айға дейін қысқартуға мүмкіндік береді. Платформа бірыңғай стандарттарды, «security by design» қағидасына сай қауіпсіздікті және бұлтты технологияларды қолдануды қамтамасыз етеді. QazTech платформасы ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкестігі бойынша сынақтардан өткен, толық іске қосу 2025 жылғы тамызға жоспарланған. Қазіргі уақытта QazTech базасында мемлекеттік органдардың бірыңғай интернет-порталы, Smart Bridge, Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Ұлттық қоршаған орта деректер базасы және басқа да жобалар жұмыс істейді.
Сол уақытта Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес барлық мемлекеттік органдар Цифрлық трансформация карталарын әзірлеуде. Олар Сингапур тәжірибесін қоса алғанда, халықаралық озық тәжірибеге сүйеніп дайындалуда.
Карталарда басты назар – негізгі процестерді жеңілдету және жеделдету, ИИ мен заманауи технологияларды қолдану. Ескірген рәсімдерді қайта қарау, деректерді цифрландыру және e-Otinish, 109 және әлеуметтік желілер арқылы келіп түсетін азаматтардың сұраныстарын ескеру басты бағыттар ретінде айқындалды. Процестерді қайта жобалау мен жасанды интеллектті енгізу – Карталар шеңберіндегі басымдықтардың бірі.
Премьер-Министр ұлттық жасанды интеллект инфрақұрылымын, соның ішінде Суперкомпьютерді құру мемлекеттік органдар қызметіне жасанды интеллектті кеңінен енгізуге мүмкіндік беретінін атап өтті.
Олжас Бектенов Цифрлық трансформация карталарын бір ай ішінде аяқтауды тапсырды. Бұл карталар жасанды интеллектті интеграциялаудың негізі болып, бизнестің мемлекеттік деректер негізінде өз шешімдерін әзірлеуіне жол ашады.