Жоғары жылдамдықты интернет Қазақстан ауылдарына жетуде

Жоғары жылдамдықты интернет Қазақстан ауылдарына жетуде

Huawei және Қазақтелеком Қазақстанның ауылдық аймақтарында 5G мен жоғары жылдамдықты интернетті дамытуға арналған жаңа технологияларды тестілеуді бастады. Жоба Қазақтелекомның еншілес компаниясы — «Ауыл Телеком» арқылы жүзеге асырылуда. Компания Алматы облысының Сарыбай би ауылында Fixed Wireless Access (FWA) технологиясын сынақтан өткізуде.

Тесттеліп жатқан FWA технологиясы қосылу жылдамдығын 500 Мбит/с-қа дейін қамтамасыз етіп, ADSL секілді ескірген шешімдерді ауыстыруға бағытталған. Пилоттық жоба аясында Сарыбай би ауылындағы 129 үй шаруашылығының 105-і жаңа жүйеге қосылды, бұл интернеттің сапасын едәуір жақсартуға және заманауи цифрлық қызметтерге қол жеткізуге мүмкіндік берді.

«Жоба қалалық және ауылдық аймақтар арасындағы цифрлық алшақтықты жою үшін заманауи технологияларды қалай қолдануға болатынын көрсетеді. Біз желілерді жаңғырту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстардың тұрғындар арасында оң ықыласқа ие екенін байқап отырмыз,» — деп атап өтті ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев.

Ауыл тұрғындары байланыс сапасының жақсаруы күнделікті өмірлеріне айтарлықтай әсер етіп, онлайн білім алуға, қашықтан жұмыс істеуге және жайлы қарым-қатынас жасауға жаңа мүмкіндіктер ашқанын айтуда.

«Біз еншілес ұйымдардың бірінің жұмысын ауылдық жерлерде жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етуге бағыттадық. Ауыл Телеком қазір ауыл тұрғындарына сапалы интернетке қол жеткізу үшін оңтайлы технологияларды анықтау бағытында жұмыс жүргізуде.

Сарыбай би ауылында жүргізілген тестілеу заманауи сымсыз технологиялардың — FWA-ның ауылдық аймақтарда жоғары жылдамдықты интернетке қосылу мәселелерін тиімді шеше алатынын көрсетіп отыр», — деп атап өтті «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Бағдат Мусин.

«Ауыл Телеком» орнатқан FWA желісі қазірдің өзінде үш ауылды қамтып, 200-ден астам үй шаруашылығын қосты,қосылу процесі әлі де жалғасуда. 2025 жылы 100-ден астам елді мекенді қосып, 10 000-нан астам ауыл тұрғынын заманауи интернетпен қамтамасыз ету жоспарлануда.

«Huawei өз серіктестері мен клиенттерін цифрлық инфрақұрылымды дамытуда белсенді түрде қолдап, әрбір адамға жоғары жылдамдықты интернетке қолжетімділікті қамтамасыз етуге көмектеседі. Біздің мақсатымыз – ең озық технологияларды ұсына отырып, тіпті ең шалғай аймақтарда да оқуға, жұмыс істеуге және қарым-қатынас жасауға жаңа мүмкіндіктер ашып, цифрлық алшақтықты жою,» — деп атап өтті Чжао Сюй, Huawei Technologies Қазақстан компаниясының бас директоры.

Huawei Қазақстанның цифрлық инфрақұрылымын дамытуға айтарлықтай үлес қосуын жалғастырып, серіктестерін қолдай отырып, заманауи технологияларды ұсынады. FWA сияқты инновациялық шешімдерді тестілеу жоғары жылдамдықты интернетті барлық тұрғындарға, соның ішінде ауылдық аймақтарға қолжетімді етуге бағытталған. Бұл цифрлық алшақтықты жою және әрбір адамға тең мүмкіндіктер жасау жолындағы маңызды қадам болып табылады.

TSARKA қолдауымен