Жүргізуші куәлігін алу үшін меданықтама енді ХҚКО-ға автоматты түрде жіберіледі

Жүргізуші куәлігін алу үшін енді медициналық анықтаманы қағаз түрінде ХҚКО-ға апарудың қажеті жоқ. Медициналық тексерістен өткені туралы мәлімет (073/у формасы) Денсаулық сақтау министрлігінің деректер базасымен біріктірілген жүйе арқылы автоматты түрде ХҚКО-ның ақпараттық жүйесіне түседі.
Бұл шешім жүргізуші куәлігін алу процесін жеңілдетіп, өтінімдерді өңдеу жылдамдығын арттырады, жалған құжаттарды пайдалануға жол бермейді және бүкіл рәсімнің ашықтығын қамтамасыз етеді. «Азаматтарға арналған үкімет» КЕАҚ атап өткендей, бұл жаңалық — мемлекеттік қызметтердің цифрлық трансформациясының бір бөлігі.
Маңызды: жүргізуші куәлігін мерзімі біткенге дейін ауыстырғанда медициналық тексерістен өту қажет емес. Сонымен қатар, психоневрологиялық және наркологиялық диспансерлерден анықтама талап етілмейді.