Зейнетақы рәсімдеу процесі цифрландыру арқылы жеңілдетіледі

Зейнетақы рәсімдеу процесін цифрландыру қалай жеңілдететіні туралы Үкімет отырысында ҚР ЦДИАӨМ бірінші вице-министрі Қаныш Төлеушин айтып өтті.
Қазіргі таңда зейнетақыны электронды форматта рәсімдеу бойынша пилоттық жоба іске асырылуда. Бұған дейін зейнетақы тағайындау үшін азаматтардан көп көлемде құжат жинау, еңбек өтілін дәлелдеу және құжаттардың ұзақ өңделуін күту талап етілетін. Бұл, өз кезегінде, жиі кешігулер мен есептеу қателіктеріне әкелетін.
Жаңа цифрлық платформа өтініш берушінің жасына сүйене отырып бүкіл процесті автоматтандыруға мүмкіндік береді. Жүйе зейнеткердің еңбек қызметін тексеріп, қажетті мәліметтерді өзі жинайды және мемлекеттік мекемелерге бармай-ақ зейнетақыны тағайындайды.
Жаңа рәсім зейнетақыны рәсімдеу мерзімін 10 күннен 1 күнге дейін қысқартады және бюрократиялық кедергілерді азайтады.
Вице-министр бұл жобаны кеңінен енгізу мүмкіндігін қарастыруды Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне ұсынды.