19 мың оқушыға арналған онлайн білім беру платформасы іске қосылды

19 мың оқушыға арналған онлайн білім беру платформасы іске қосылды

Елімізде 19 мың оқушыға арналған онлайн білім беру платформасы іске қосылды. Айта кетейік, былтыр қазан айында Қасым-Жомарт Тоқаев Digital Bridge 2023 халықаралық форумында Astana Hub базасында оқушылар үшін білім беру платформасын іске қосуды тапсырған болатын.

Astana Hub басқарушы директоры Дания Ахметованың айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасы жүзеге асуда. Ол бойынша, тек оқушылар ғана емес, 300 қазақстандық педагог жасанды интеллект (AI) пен ойындар әзірлеу (Game Development) бойынша білімін жетілдіре алады.

«Digital Bridge 2023 халықаралық технологиялық форумында Мемлекет басшысы білім беру жүйесін еңбек нарығының келешектегі сұранысына бейімдеу маңызын атап өтіп, Astana Hub базасында оқушылар үшін білім беру платформасын іске қосуды тапсырды. Біз edu.astanahub.com онлайн білім беру платформасын іске қостық. Бүгінде 19 889 білім алушыға бағдарламалау негіздері бойынша курстар қолжетімді. Бұдан бөлек қолданыстағы Tech Orda бағдарламасы шеңберінде педагогтерді оқыту шешімі қабылданды. Мұндағы мақсат – мектеп оқушыларын одан әрі шыңдай түсуге жағдай жасау. Қазіргі уақытта Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі 180 мұғалім және «Өрлеу» орталығының 120 тренері AI және GameDev бағыттары бойынша 6 айлық оқуды бастады», - деді Дания Ахметова.

Айта кетейік, жобаны Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, Astana Hub халықаралық технопаркі, ҚР Оқу-ағарту министрлігі, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы және Ы.Алтынсарин атындағы ұлттық білім академиясы бірлесіп жүзеге асырып жатыр.

Курс 6 айға жоспарланған. Яғни курсты тәмәмдаған әр қатысушы арнайы сертификатқа ие болады. Ол бойынша олар оқушылар мен педагогтерді оқытуға мүмкіндік ала алады.

TSARKA қолдауымен