Алматыда жасанды интеллект саласындағы ең ірі көрме өтеді

Алматыда жасанды интеллект саласындағы ең ірі көрме өтеді

28-30 наурыз аралығында Алматыда AlmatyFair.ai – жасанды интеллект саласындағы ең ірі көрме өтеді, ол жетекші IT-компанияларды, стартаптарды және AI саласындағы сарапшыларды біріктіреді. Бұл – бизнес, әзірлеушілер және барлық қызығушылық танытқандар үшін жасанды интеллект жетістіктерімен және олардың практикалық қолданылуымен танысудың бірегей мүмкіндігі.

AlmatyFair.ai көрмесі AI-дің өнеркәсіп, қаржы, мемлекеттік басқару, денсаулық сақтау және білім беру салаларын қалай өзгертіп жатқанын көрсетеді. Қонақтар GovTech, BigTech, Smart City салаларындағы озық шешімдерді көріп, IT-компанияларға, өнеркәсіптік инновацияларға, білім беру жобаларына және стартап аллеясына арналған арнайы аймақтарға бара алады.

“Құрылтайда Президент жасанды интеллект – мемлекеттік процестердің тиімділігін арттыратын, бюрократияны қысқартатын, салықтық және кедендік әкімшілендіруді, мемлекеттік сатып алуларды ашық ететін маңызды құрал екенін атап өтті. Бірақ бізге тек шетелдік технологияларды пайдалану емес, өзіміздің AI шешімдерімізді дамыту қажет. Осы мақсатта біз елде жасанды интеллектті пайдалану және дамыту үшін жағдай мен инфрақұрылым қалыптастырып жатырмыз. Осындай іс-шаралар жаңа технологияларды тарту және басқа елдермен тәжірибе алмасу үшін өткізіледі”, – деді министр Жаслан Мәдиев.

Көрменің негізгі оқиғаларының бірі – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен құрылып жатқан халықаралық жасанды интеллект орталығы alem.ai-дің таныстырылымы болмақ. alem.ai Қазақстанға 2029 жылға қарай AI шешімдерінің экспортын 5 миллиард долларға дейін ұлғайтуға мүмкіндік беріп, бизнес пен таланттарға жаңа мүмкіндіктер ашады. Орталық мыңдаған AI мамандарын даярлауға, стартаптарды іске қосуға және жасанды интеллект саласындағы ғылыми зерттеулерді жүзеге асыруға ықпал етеді.

Кадр даярлау және адами капиталды дамыту мақсатында Қазақстан 5 жыл ішінде 1 миллион адамды оқытуды жоспарлап отыр. Осы бастама аясында 2024 жылдың қазан айында Astana Hub Орталық Азиядағы алғашқы AI мектебі – Tomorrow School-ды іске қосты, ол AI саласындағы мамандарды даярлауға бағытталған. Сонымен қатар, көрме алаңында Қазақстанда Орталық Азиядағы алғашқы креативті технологиялар білім беру орталығы – TUMO-ны құру бойынша TUMO Ventures-пен стратегиялық меморандумға қол қою жоспарлануда. Бұл орталық халықаралық TUMO желісінің бөлігі болып табылады және мектеп оқушыларына озық цифрлық дағдыларды меңгеруге мүмкіндік беріп, елдегі технологиялық білім беруді дамытуда маңызды қадам болмақ.

Көрме аясында Central Asian Innovation Hubs – Орталық Азияның ірі технопарктер альянсының қызметі таныстырылады. 2024 жылы Astana Hub және IT Park Uzbekistan осы бренд аясында бірігіп, стартап экожүйесін дамытып, инновацияларды әлемдік деңгейде ілгерілетуге кірісті. Осы серіктестік аясында екі елдің 39 стартапы INMerge Innovation Summit, Web Summit 2024 және TechCrunch Disrupt 2024 шараларында ұсынылды. Бұл ынтымақтастық өңірлік инновацияларды жаһандық нарыққа шығаруға жаңа мүмкіндіктер ашады.

Көрме аясында AI Startup Showdown – перспективалы AI стартаптары арасындағы питч-баттл өтеді, онда командалар өз шешімдерін таныстырып, жүлде қоры үшін бәсекеге түседі.

Панельдік дискуссияларда технологиялардың дағдыларды дамытуға әсері, цифрлық дәуірдің сын-қатерлері, AI-дің мамандықтарға әсері және әйелдер үшін AI-дегі жаңа мүмкіндіктер талқыланады. Сонымен қатар, ұлттық AI стратегиясы (GenNation), мемлекеттік инновациялар (GovTech Accelerator) және «ақылды қала» тұжырымдамасы (AI & Smart City) мәселелері көтеріледі.

Бизнес блогында AI-ді енгізу, венчурлық инвестициялар, инновациялық хабтар арқылы жаһандық нарыққа шығу және цифрлық көшпенділердің болашағы мәселелері қарастырылады.

Көрмені ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Алматы қаласының әкімдігі ұйымдастырады. AlmatyFair.ai көрмесінің бас демеушісі – Kaspi.kz, ресми серіктестері – Freedom Bank және Halyk Bank.

Көрме Алматыдағы ең ірі алаңдардың бірі – «Атакент» іскерлік ынтымақтастық орталығында өтеді. Бағдарлама мен толық ақпарат AlmatyFair.ai сайтында қолжетімді, көрмеге қатысуға тіркелу сілтеме арқылы жүзеге асырылады.

TSARKA қолдауымен