Astana Hub пен Инновациялық технологиялар паркін не үшін біріктірмек?
Мәжілісте өткен инновацияларды мемлекеттік қолдау туралы заң жобасын таныстыру барысында ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі бірінші вице-министрі Қаныш Төлеушин елдің инновациялық экожүйесін жақсартуға бағытталған реформаларды ұсынды.
Оның айтуынша, өзгерістер төрт негізгі топқа бөлінген.
Бірінші блок – “Astana Hub”-ты автономды кластерлік қор “Инновациялық технологиялар паркімен” біріктіру ұсынысы. Бұл біріктірудің басты мақсаты – негізгі ойыншылар арасындағы өзара әрекетті күшейтіп, инновациялық және IT экожүйені дамыту. Реформа аясында өкілеттіктерді шоғырландыру, функцияларды түзету және басқаруды оңтайландыру жоспарлануда. Бұл біріктіру қайталанатын процестерді жоюға мүмкіндік беріп, 2025 жылға дейін негізгі көрсеткіштерге тиімді жетуге ықпал етеді. Сондай-ақ, “Astana Hub”-тың табысты тәжірибелерін басқа инновациялық бағыттарға масштабтауға жол ашады.
Төлеушиннің айтуынша, “Astana Hub”-ты қаржыландырудың негізгі көздері мемлекеттік тапсырмаларды орындауға арналған республикалық бюджет және технопарк қатысушыларының төлемдері болып қала береді. Ал “ИТП қоры” коммерциялық емес ұйым болғандықтан, “төлемдер мен жарналар” терминін “мүшелік жарналарға” ауыстыру ұсынылды. Бұл өзгеріс төлемдердің нақты сипатын көрсетіп, “Astana Hub”-тың тұрақты дамуына ықпал етеді.
Екінші блок біріктірілген “ИТП қорының” қаржыландыру тәсілдерін өзгертуге бағытталған. Бұл болашақта оның өзін-өзі ақтауға қол жеткізуіне ықпал етеді.
Үшінші блок инноваторлар үшін бірыңғай терезе құруды қарастырады, бұл деректер мен қолдау шараларына қолжетімділікті жеңілдетеді.
Төртінші блок венчурлық нарықты дамытуға және венчурлық қорларды бірлесіп қаржыландырудың тиімділігін бағалауға бағытталған.