Astana Hub жасанды интеллект саласындағы мамандарға арналған акселераторға өтінім қабылдауды бастады

Astana Hub талантты мамандардың басын қосып, жасанды интеллект саласындағы инновациялық стартаптарды бірлесіп құруды көздейтін AI'preneurs акселерация бағдарламасына өтінім қабылдаудың басталғанын хабарлайды.
Өтінімдер 1 сәуірге дейін қабылданады.
AI'preneurs мамандардың кең ауқымына арналған. Бағдарламаға әзірлеушілер, инженерлер, аналитиктер, бизнес-девелоперлер, PR менеджерлер мен маркетологтар, дизайнерлер, сондай-ақ product, project және sales менеджерлер қатыса алады. Акселератор қатысушыларға AI саласындағы дағдыларын дамытып қана қоймай, өз идеяларын нақты жобаға айналдыруға мүмкіндік береді.
Бағдарлама офлайн форматта Қазақстанның бас қаласы – Астанада өтеді. Басқа қалалар мен елдерден келген қатысушыларға бағдарлама кезеңінде тұрғын үй беріледі. Оқыту мерзімі үш айды қамтып, білім беру іс-шаралары, салалық сарапшылардың жеке кеңестері мен жобалар бойынша белсенді практикалық жұмыс жүргізіледі.
Акселерация бағдарламасы үш негізгі кезеңнен тұрады. Алғашқы үш аптада қатысушылар бір-бірімен танысып, кәсіби дағдыларын көрсетіп, командалар құрады. Екінші кезеңде (төрт апта) командалар өз идеяларын сынақтан өткізіп, Инвестициялық комитетке ұсынады. Осы кезеңде бағдарламаның финалына өтетін жобалар анықталады. Ал соңғы кезеңде (бес апта) командалар стартап-жоба әзірлеуге кіріседі. Қатысушылар жетекші сарапшылардың көмегімен шешімдерін жетілдіріп, жобаны Demo Day-де венчурлық қорлар мен корпорацияларға ұсынуға дайындалады.
Бағдарлама қатысушыларына жан-жақты қолдау көрсетіледі. Әр командаға жеке трекер бекітіліп, ол жұмыс барысын бақылап, апта сайынғы кездесулер ұйымдастырып, жұмыс процесін тиімді құруға көмектеседі. Сонымен қатар өзекті тақырыптар бойынша жетекші сарапшылардың воркшоптары мен қонақ дәрістері, өнім бойынша жеке кеңестер, тимбилдингтер мен командалық жұмысты жақсартуға арналған практикалық жаттығулар қарастырылған.
Astana Hub қатысушыларды барлық керек-жарақпен қамтамасыз етеді, деректер базасына (датасеттер) және GPU қуатына қолжетімділік беріледі. Ал үздік командалар стандартты SAFE келісімі аясында бастапқы инвестиция алады.
AI'preneurs туралы қосымша ақпарат алып, өтініш беру үшін сілтемеге өтіңіз.