Астанада Орталық Азиядағы алғашқы TUMO креативті технологиялар орталығы ашылады

Білім мен технология саласында айтулы оқиға болды: TUMO және Astana Hub арасында келісімшартқа қол қойылды. Осы құжат аясында технологиялар мен креативті индустриялар саласында болашақ дағдыларды меңгергісі келетін жасөспірімдер мен жастарға арналған Орталық Азиядағы халықаралық деңгейдегі тұңғыш білім беру орталығы құрылады.
TUMO Astana-да оқыту жасанды интеллектті қолдана отырып, цифрлық және креативті технологиялар саласында дамуға ұмтылатын барша жасөспірімге қолжетімді әрі тегін болады. Бағдарлама 11 негізгі бағытты қамтиды. Олардың қатарында сұранысқа ие салалар бар: генеративті жасанды интеллект, ойын әзірлеу, анимация, киноөндіріс, 3D модельдеу, робототехника, графикалық және моушн-дизайн, бағдарламалау, музыкалық композиция және веб-әзірлеу.
TUMO орталығындағы оқу процесі TUMO Path платформасы арқылы жүзеге асады. Бұл алаң әрбір жасөспірімге өз қызығушылығы мен мақсатына сай жеке білім траекториясын құрып, оны біртіндеп жетілдіруге мүмкіндік береді. Оқушылар алған білімдерін практикалық тапсырмалар арқылы бекітіп, воркшоп-лидерлердің жетекшілігімен нақты жобаларға қатысып, даму жолын айшықтайтын жеке портфолио жасайды.
2011 жылы Ереванда негізі қаланғаннан бері TUMO жасөспірімдерге арналған бірегей білім беру моделі ретінде әлемге танылды. Қазіргі таңда TUMO 7 елде орналасқан 18 орталықты және 80 000-нан астам түлекті қамтитын жаһандық білім беру платформасына айналды. TUMO орталықтары Францияда (Париж, Лион, Марсель), Германияда (Берлин, Мангейм, Хиршайд), Португалияда (Лиссабон, Коимбра), Албанияда (Тирана), Украинада (Львов) және Арменияда (6 тұрақты орталық пен 35-тен астам мобильді TUMO Box) табысты жұмыс істеп тұр.
Енді TUMO орталығы Орталық Азияда алғаш рет Қазақстанда ашылады. Ол Астанадағы alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығында орналасады және 2025 жылдың қазан айында жұмысын бастайды.