Atyrau hub: Атырау облысында жаңа аймақтық IT-хаб ашылды
Қазақстанда он алтыншы аймақтық IT-хаб жұмысын бастады. Astana Hub технопаркі Атырау облысының әкімдігі мен Цифрландыру министрлігінің қолдауымен құрылған инновациялық орталық Atyrau Hub стартаптарды қолдауға, IT-білімді дамытуға және батыс Қазақстандағы технологиялық экожүйені нығайтуға бағытталған.
Atyrau Hub білім беру және инкубациялық бағдарламаларға, сондай-ақ IT-қауымдастықты дамытуға бағытталған митаптар, Pizza Pitch, воркшоптар, Speaker Talks, Idea Battle және басқа да іс-шараларды өткізуге арналған алаң болады. Орталықтың мекенжайы: Атырау қаласы, Нұрсая ықшам ауданы, Кенжебай Маденов көшесі, 7а, 2-қабат.
Atyrau Hub-тың негізгі мақсаты — жергілікті IT-қауымдастықты қалыптастыру, технологиялық кәсіпкерлікті дамыту, стартап мәдениетін құру және цифрлық оқытуға кең мүмкіндіктер ұсыну. Бұл орталық таланттарды қолдауға ықпал етіп, олардың идеяларын жүзеге асыру үшін заманауи білімдер мен ресурстарға қолжетімділікті қамтамасыз етеді, сондай-ақ аймақта технологиялық жобалардың іске қосылуына ықпал етеді.
Бүгінгі таңда елдің 15 аймағында IT-хабтар белсенді жұмыс істеп жатыр, жыл соңына дейін Atyrau Hub-тан бөлек, Жезқазған, Петропавл және Жаңаөзен қалаларында инновациялық орталықтардың ашылуы жоспарлануда. Өткен жылдан бері Қазақстанның аймақтық IT-хабтарында 1600-ден астам іс-шара өткізілді, соның ішінде ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы 7 жаһандық форум, бұл іс-шараларға 48 мыңнан астам қатысушы мен 440 стартап қатысты. Бұл Astana Hub экожүйесіне 100-ден астам компанияның қосылуына және IT-индустрияның ел бойынша қарқынды дамуына ықпал етті.