Бағдарламалаусыз сайт жасауға көмектесетін AI-конструкторлар

Бағдарламалаусыз сайт жасауға көмектесетін AI-конструкторлар

Жақсы сайт – бизнестің бет-бейнесі, онлайн-визиткасы және жаңа клиент табудың басты құралы. Қазір жеке веб-сайт құру үшін дизайнер немесе бағдарламашы жалдаудың қажеті жоқ. Сайтты бірнеше минутта өзіңіз жасап, іске қосуға мүмкіндік беретін жасанды интеллектке (ЖИ) негізделген конструкторлар бар.

Бұл мақалада біз сайтты кодсыз жасауға болатын алты нейроқызметтерді қарастырамыз және олардың ерекшеліктерін салыстырамыз.

Сайт конструкторлары не үшін қажет

Сайт конструкторлары – бұл код жазбай-ақ, дайын блоктардан веб-бет құрастыруға арналған қызметтер.Мұндай құралдарда мәзір, тауар карталары, фотогалереялар, батырмалар мен байланыс құралдары сияқты дайын элементтер бар. Пайдаланушы тек қажетті блоктарды таңдап, өз стиліне сай түстер мен мәтінді баптайды. Көптеген заманауи конструкторларға жасанды интеллектенгізілген. Ол бизнес сипаттамасын түсініп, сайт құрылымын, мәтіндерін және суреттерін өзі ұсынады.

Сайт жасау – істің тек жартысы. Оны жариялау үшін домен мен хостинг қажет. Кейбір конструкторлар бұл міндетті өздері атқарады – тегін немесе ақылы түрде домен береді және сайтты серверде ұстайды.

Бағдарламалаусыз сайт жасауға арналған ЖИ-конструкторлар

1. Битрикс24 Сайттар

Битрикс24 Сайттар – бизнесті автоматтандыруға арналған платформаның бөлігі. Конструкторда дайын қалыптар, элементтер және ЖИ-көмекші бар. Тіркеліп, «Сайттар мен дүкендер» бөліміне өтіп, «Жасау» → «Жаңа бет» дегенді таңдасаңыз, экранда сайт редакторы мен ЖИ-көмекші чаты ашылады. ЖИ сіздің бизнесіңіз туралы қысқаша ақпаратқа сүйеніп, мәтін мен суреттерді автоматты түрде дайындайды. ЖИ корпоративтік түстерді, стильді және компания фактілерін ескеріп, бірегей контент жасайды.

Дайын сайтты бірден жариялауға болады. Сайт автоматты түрде компьютер мен смартфонға бейімделеді.

2. WordPress

Интернеттегі сайттардың 43%-ы WordPress платформасындажұмыс істейді. Қазір ол да ИИ-құралдарын енгізген. Онда жұмыс істеу үшін тіркеліп, «Жаңа сайт қосу» → «ЖИ-конструктор» таңдаңыз. Жүйе бизнесіңіз туралы сұрап, қажетті бет құрылымын ұсынады. ЖИ дайын бет нұсқасын көрсеткен соң, сол жақтағы чат арқылы сайтты түзетуге болады – мысалы, қаріп, түс, мәтін және суреттерді өзгерту.

3. Tilda

Tilda – ең танымал конструкторлардың бірі. Онда жүздеген қалып, жеке блоктар мен ЖИ-көмекші бар. Сайтқа кіріп, жеке кабинетте «Сайт жасау» → «Жаңа бет» → «Бетті генерациялау» таңдайсыз, кейін тапсырманы сипаттаңыз немесе дайын промпт қолданыңыз. Нейрожелі түстер мен блоктарды таңдап, сайт құрылымын жасайды. Қажет болса, тақырып немесе мәтінді ЖИ арқылы түзетуге болады.

4. Durable AI (durable.co)

Ең жылдам ЖИ-конструктор – сайтты 30 секундта жасайды. Сіз тек бизнес түрін жазасыз («Кофеханам бар»), Durable мәтінді, дизайнды, фотоларды және тіпті логотипті автоматты түрде жасайды. Барлығы ағылшын тілінде, бірақ интерфейс өте қарапайым, ЖИ мәтіндерді жазып, түстерді сәйкестендіреді, сонымен қатар автоматты SEO баптауы бар.

5. Lovable

Lovable – бұл чат-бот форматындағы ЖИ-конструктор. Пайдаланушы ЖИ-мен сөйлесу арқылы сайт жасайды – дәл ChatGPT сияқты. Тіркелген соң ЖИ-ге сайттың мақсатын сипаттаңыз. Ол бірден дайын нұсқаны көрсетеді және түзетулер енгізу үшін чат ұсынады. Lovable дизайнды жылдам жасайды, бірақ кейде деректерді шатастырады. Блоктарды қолмен түзету мүмкін емес – тек чат арқылы.

6. Solo (Mozilla Foundation)

Solo – Mozilla компаниясы жасаған ЖИ-конструктор. Интерфейс ағылшын тілінде, бірақ жүйе орысша командаларды да түсінеді. Компанияңызды сипаттап, атауын жазыңыз, Solo сізге қаріп, түс схемасы және блок түрлерін таңдауды ұсынады. Сервис эстетикалық сайт жасайды, бірақ кейде фактілерді бұрмалайды немесе тілдерді араластырады.

Жасанды интеллекті бар сайт конструкторлары шағын бизнеске, фрилансерлерге және стартаптарға сайтты бірнеше сағатта жасауға мүмкіндік береді, ЖИ құрылымды, мәтінді және суреттерді автоматты түрде таңдайды, ал пайдаланушы тек түзетулер енгізеді.

Біз сөз еткен платформалардың әрқайсысының артықшылықтары бар: бірі – қауіпсіз, бірі – тегін, ал бірі – барынша жылдам. Ең бастысы – өзіңіздің мақсаттарыңызға және деректерді сақтау талаптарына сай құралды таңдау.


TSARKA қолдауымен