Global Digital Trade Expo көрмесінде Қазақстанды таныстырған стартаптар
Astana Hub халықаралық технопаркі және оның төрт стартап-резиденті Қазақстанды Қытайдың Ханчжоу қаласында 25-29 қыркүйек аралығында өткен Global Digital Trade Expo халықаралық көрмесінде таныстырды. Қазақстаннан көрмеге Орталық Азиядағы ең ірі IT-технопарк Astana Hub және оның резиденттері қатысып, инновациялық шешімдерін ұсынды.
Қазақстан атынан көрмеге 20 компания қатысып, олардың ішінде Astana Hub технопаркі және оның келесі стартап-резиденттері болды:
• ApartX – жылжымайтын мүлікті тәуліктік жалға алуды басқаруға арналған мобильді қосымша, ол ақылды құлыптар арқылы объектілерді қашықтықтан бақылауға және брондауды Airbnb мен Booking платформалары арқылы автоматтандыруға мүмкіндік береді.
• Смарт Жанармай кұю – автокөліктерді жанармаймен толтыру процесін жеңілдететін электрондық қызмет, ол корпоративтік клиенттерге жанармай шығыстарын бақылауға тиімді құралдар ұсынады және шығындардың алдын алады.
• Jasaim Blockchain компаниясының JasWallet жобасы – қаржылық транзакцияларды қауіпсіз және сенімді жүзеге асыруға көмектесетін бизнеске арналған криптоәмиян.
• ZIZ INC – жоғары жүктемелі ақпараттық жүйелерді әзірлейтін және бизнеске жеке IT-шешімдер ұсынатын IT-компания.
Қазақстандық стартаптардың әзірлемелері халықаралық көрме қатысушыларының үлкен қызығушылығын тудырды. Мысалы, қазақстандық Jasaim Blockchain компаниясы блокчейн, Web3 және финтех саласындағы озық технологияларды Қазақстан мен Орталық Азия елдеріне енгізу мақсатында Гонконгтағы AI-Powered Financial Technologies (AIFT) зертханасымен стратегиялық серіктестік орнатты. Бұл ынтымақтастық қаржы, білім беру және активтерді басқару салаларында цифрлық трансформацияға жаңа мүмкіндіктер ашып, халықаралық экспансияны қолдайды.
ApartX стартабы Қытайдың WELOCK компаниясымен «airEkey Hotel Self Check-In» жобасы аясында стратегиялық келісімге қол қойды. Бұл ынтымақтастықтың нәтижесінде ApartX халықаралық деңгейге шығып, серіктестің 35 елдегі клиенттеріне, оның ішінде АҚШ, Ұлыбритания, Еуропа Одағы елдеріне, сондай-ақ Оңтүстік-Шығыс Азия нарықтарына, атап айтқанда, Тайланд, Малайзия және Индонезия елдеріне қол жеткізді.
«Цифрлық сауда, жаһандық қолжетімділік» ұранымен өткен Global Digital Trade Expo көрмесіне 32 ел мен аймақтан 1500-ден астам компания, сондай-ақ 30 000-нан астам кәсіби сатып алушы қатысты, олардың ішінде 6000-нан астам шетелдік қатысушы болды. Қазақстан делегациясының құрамында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев бастаған министрліктің өкілдері болды. Бұл Қазақстанның жаһандық цифрлық аренадағы маңызды ойыншы ретіндегі әлеуетін және әлемдік экономикаға инновациялық технологияларды белсенді енгізуге дайындығын көрсетті.