Қарағандылық оқушылар полициямен байланысуға арналған қосымша жасады

Қарағандылық оқушылар полициямен байланысуға арналған қосымша жасады

Полициямен байланысуға арналған мобильді қосымшаның немесе интерактивті жаттығу платформасының MVP-н бар болғаны екі күнде жасау — кез келгеннің қолынан келе бермейтін іс. Алайда хакатонға қатысушылар жас пен тәжірибе басты емес екенін дәлелдеді. Жеңімпаздар қатарында студенттер мен тәжірибелі бағдарламашылар ғана емес, сонымен қатар бәсекеден қорықпай, мықты жобаларын ұсынған мектеп оқушылары да болды.

Хакатон — бұл әрдайым идеялар марафоны, импровизация және жылдам шешім табу жарысы. Жақында Қарағандыда өткен бұл байқау барысында қатысушылар топтарға бірігіп, менторлық сессиялардан өтіп, үзіліссіз жұмыс істеді. Іс-шараны ұйымдастырған — «Террикон жазығы» стартап-экожүйесі. Ең үздік жобалар тек қаржылай жүлделер алып қана қоймай, сонымен қатар өз шешімдерін шынайы түрде жүзеге асыру мүмкіндігіне ие болды.

«Біз қатысушылардың дайындық деңгейіне және пайдалы технологиялар жасауға деген ұмтылыстарына таңғалдық. Біздің мақсат — дарынды әзірлеушілердің бастамаларын қолдау және жобаларын дамытуға көмектесу», — деді «Террикон жазығының» CEO-сы Сабыр Ниязов.

Хакатонның ең жарқын сәттерінің бірі — мектеп оқушыларының қатысуы болды. Олар тәжірибелі бағдарламашылармен тең дәрежеде бәсекеге түсе алды. Жас таланттардың екі командасы өз жобаларымен қазылар алқасын таңғалдырып, қаржылай жүлде иеленді.

Алғаш болып назар аударғандар — Шоқан Уәлиханов атындағы ҚММ мектеп-лицейінің 8-сынып оқушылары Артём Кузнецов пен Давид Дорошенко. Олар полициямен байланысуға арналған мобильді қосымша жасап, оған жедел қызметтермен байланыс, «ақылды» сағаттармен синхрондау және сенімді адамдарға өз әрекеттері жайлы ақпарат беру функцияларын қосты. Нәтижесінде олар 100 000 теңге ұтып алды.

«Басында үлкендермен бәсекелесе аламыз деп ойлаған жоқпыз, бірақ бағымызды сынап көрейік дедік. Енді жобамызды жетілдіріп, жаңа байқауларға қатысқымыз келеді», — деді Артём Кузнецов.

Тағы бір мектеп командасы — Ақпараттық технологиялар мамандандырылған мектеп-интернатының 9-сынып оқушылары көрермен көзайымы номинациясын жеңіп, 100 000 теңге иеленді. Шайзада Тақуадин, Ерасыл Төкен, Абдулла Сағынтай, Ернұр Қалел және Ахметжан Әділхан жасаған қосымшада қолданушылар түрлі рөлдерді (азамат, полицей, т.б.) ала алады, құқық қорғау органдарымен анонимді түрде байланыс жасап, жаңалықтарды оқып, полициямен чат жүргізе алады.

«Біз адамдарға шын мәнінде пайдалы әрі қауіпсіз қосымша жасағымыз келді. Бұл біздің алғашқы хакатонымыз, бірақ соңғысы емес», — дейді Шайзада Тақуадин.

Хакатонның басқа жеңімпаздары

Полиция мен халық арасындағы байланысқа арналған мобильді қосымшаны жасау кейсінде бас жүлдені №23 командасы жеңіп алды. Команда құрамында Ерасыл Базарбаев, Алинур Толбаев, Айжас Серіков және Әлімжан Жорабек болды. Олардың Qalqan жобасы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге арналған цифрлық экожүйе ретінде ұсынылды. Жобаға оқиға картасы, жоғалған адамдарды іздеу жүйесі, полициямен чат және Amber Alert механизмі кіреді. Бұл команда 300 000 теңге жүлде иеленді.

«Соңғы тәулікте ұйықтаған жоқпыз деуге болады — интерфейсті жетілдіріп, қосымшаны соңына дейін сынадық. Қиын болды, бірақ өте керемет тәжірибе!» — деді Ерасыл Базарбаев.

Осы кейс аясында №10 командасы да марапатталды. Құрамында Максим Яковлев, Кирилл Бушманов және Әлібек Тәуірбаев бар топ авторизация, SOS батырмасы, жаңалықтар лентасы мен өтінімдер жүйесі бар клиенттік қосымша әзірледі. Олар 100 000 теңге жүлде ұтып алды.

Интерактивті жаттығу платформасын жасау кейсінде бірінші орынды №52 командасынан Ансар Есмұханов пен Әділет Самұрат жеңіп алып, 300 000 теңге иеленді. Олар құқық қорғау органдары қызметкерлеріне арналған жаттықтырғыш ретінде қолдануға болатын 3D ойын жасап шықты.

Екінші орын және 200 000 теңге №50 командасына бұйырды: Тәлім Аушахман, Ерасыл Сатымбеков, Санжар Каменов, Арсен Исмаилов, Занғар Манарбек. Бұл команда жасанды интеллектімен интеграцияланған VR жаттығу ойынын ойлап тауып, іске асырды.

TSARKA қолдауымен