Қазақстан Expo 2025 көрмесінде донорлық органдарды сақтау жүйесін таныстырды

Қазақстан Expo 2025 көрмесінде донорлық органдарды сақтау жүйесін таныстырды

Жапонияның Осака қаласында өтіп жатқан Expo 2025 дүниежүзілік көрмесінде UMC Жүрек орталығының командасы Қазақстанның бірегей медициналық жаңалығын — ALEM (Astana Life Ex-situ Machine) құрылғысын ұсынды. Бұл жүйе донорлық ағзаларды, соның ішінде жүректі ұзақ уақыт сақтап, тасымалдауға арналған және оларды 24 сағаттан астам уақыт бойы тіршілікке қабілетті күйде ұстауға мүмкіндік береді. Салыстыру үшін айтсақ, дәстүрлі әдістермен ағзалар небары 4–6 сағатқа ғана сақталады.

ALEM ағза ішіндегі ортаға барынша жақын жағдайларды жасайды: температураны тұрақты ұстап, қанды оттегімен қанықтырады және негізгі физиологиялық көрсеткіштерді нақты уақыт режимінде үздіксіз бақылайды. Жасанды ортада донорлық ағзаларды тек сақтап қана қоймай, емдеуге де болады, бұл трансплантацияның сәтті өту мүмкіндігін арттырады.

«Біз бір жағдайды бастан өткердік — ауа райының қолайсыздығына байланысты донорлық жүректі уақытында жеткізе алмадық. Сол кезде қолжетімді әрі медициналық тұрғыдан тиімді өз жүйемізді жасау идеясы туды», — деп еске алады жобаның жетекшісі, UMC басқарма төрағасы Юрий Пя.

ALEM жобасы бірнеше жыл бойы жасалды. Оған Жүрек орталығының кардиохирургтері, инженерлері, перфузиологтары, анестезиологтары, морфологтары және басқа да мамандары жұмылдырылды. Құрылғы жануарларға жүргізілген доклиникалық сынақтардан сәтті өтті, келесі кезең — клиникалық зерттеулер.

Expo 2025 көрмесіне қатысуға мүмкіндік берген — Қазақстандағы медициналық технологиялар мен білім беру бастамаларын қолдайтын Heart Center Foundation қоғамдық қоры. ALEM құрылғысы Қазақстан павильонында, «Connecting Lives» аймағында ұсынылды. Бұл аймақ көрменің басты тақырыбына — «Өміріміз үшін болашақ қоғамды жобалау» ұранымен үндеседі.

«Қазақстан үшін бұл — тарихи сәт. Біз трансплантология саласының болашағын өзгерте алатын және жаһандық технологиялық прогреске үлес қосатын ауқымды медициналық жобаны ұсынып отырмыз», — деді қор директоры Мұрат Зауров.

ALEM құрылғысының авторларының бірі, Жүрек орталығының кардиохирургия департаментінің директоры Тимур Лесбековтың айтуынша, бұл құрылғы — нағыз технологиялық серпіліс, ал оның пайда болуы — дәрігерлер, ғалымдар мен инженерлердің бірлескен еңбегінің нәтижесі.

TSARKA қолдауымен