Қазақстан – Орталық Азияда IT-шешімдерді экспорттау бойынша көшбасшы
Қазақстан халықаралық IT-қызметтер нарығын сенімді түрде жаулап алуда. Отандық әзірлемелер қазірдің өзінде 86 шетелдік мемлекетке экспортталады. Экспорттың негізгі бағыттары – Ресей, Ирландия, Мексика, АҚШ және Сингапур. 2024 жылы түсім $300 миллионнан асты. Бұдан бөлек, ел венчурлық келісімдер көлемі бойынша да көшбасшы. Мысалы, өткен жылы олардың жалпы сомасы $80 миллионды құрады. Маңызды инвестициялар CITIX, Hero’s Journey және Higgsfield AI сынды компанияларға тартылды. Қазіргі уақытта олардың кейбірінің бағасы $100 миллионға жетті.
IT-хабтардың рөлі
Қазақстандағы ақпараттық технологияларды дамытуда IT-хабтардың маңызы зор. Бұл мамандандырылған алаңдар жетекші сарапшылар мен инвесторлардың қатысуымен акселерациялық бағдарламалардың орталығына айналуда. Олар коммерциялық өнімдерді халықаралық нарықтарға шығаруды едәуір жеңілдетіп, стартаптарды барлық даму кезеңдерінде қолдайды.
IT-мамандарға сұраныстың артуы
БҰҰ бағалауы бойынша, Қазақстан цифрландыру саласында үлкен ілгерілеуді көрсетуде. Біздің ел 193 мемлекет арасында 24-орында, ал онлайн-қызметтер индексі бойынша алғашқы ондыққа кіреді. Қазіргі уақытта мемлекеттік қызметтердің интернет арқылы қолжетімділігі 92%-ға жетті.
2024 жылы Қазақстанның IT-секторы қарқынды өсім көрсетті. IT-компаниялардың саны 18 683-ке жетті, бұл соңғы үш жылда 16%-ға өскенін білдіреді. Сонымен қатар, IT-мамандарға сұраныс та артуда. Қазіргі уақытта IT саласында жұмыс істейтіндер саны 12%-ға өсіп, 187 мың адамға жетті. 2024 жылы осы саладағы орташа айлық жалақы 54%-ға өсіп, 673 мың теңгеге жетті.
Мемлекет басшысының 2025 жылға дейін 20 мың IT-маман дайындау жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында Tech Orda бағдарламасы іске қосылды. Бұл бағдарлама жеке IT мектептерді ынталандыру арқылы жүзеге асырылуда. Қазіргі уақытта 16 мыңнан астам ақпараттық технологиялар саласының маманы дайындалды.
Цифрлық экожүйеге арналған тілдік модель
Қазақстандық компаниялар әзірлеп жатқан бірқатар технологиялық шешімдерге негіз болуға тиісті Kaz-LLM атты ұлттық тілдік модель жасау жобасы қолға алынды. Бұл шетелдік технологияларға тәуелділікті азайтуға мүмкіндік береді, бұл ұлттық мүдделерді, жеке деректерді қорғау және идеологиялық тәуелсіздікті қамтамасыз ету үшін аса маңызды.
Ұлттық тілдік модельді пайдалану сыртқы қауіп-қатерлерге байланысты тәуекелдерді болдырмауға және ішкі IT-қызметтер нарығын дамытуға ықпал етеді. Қазіргі уақытта модель 148 миллиард токен негізінде дайындалуда.
Айта кетейік, Kaz-LLM негізінде eGov, E-otinish және заңгерлік көмекші сияқты бағыттарда жасанды интеллектке негізделген өнімдер әзірленуде.