Қазақстанда жүргізуші куәлігін алу үшін емтихан тапсыруға екі факторлы аутентификация енгізіледі
11 қазаннан бастап Астанада жүргізуші куәлігін алу үшін теориялық емтихан тапсырудың жаңа тәртібі күшіне енеді. Бұл жаңа жүйе емтихандардағы қауіпсіздікті арттырып, алаяқтықпен күресу мақсатында Мемлекеттік корпорация тарапынан әзірленді.
Екі факторлы аутентификация екі кезеңде өтеді:
SMS-растау: Тестілеу басталар алдында үміткерге 1414 нөмірінен жеке деректерге кіру сұранысы бар SMS-хабарлама жіберіледі. Хабарлама үміткердің электрондық үкімет порталындағы жеке кабинетінде тіркелген белсенді телефон нөміріне жіберіледі.
2. Биометриялық сәйкестендіру: ЭЦҚ (электрондық цифрлық қолтаңба) арқылы сәтті авторизациядан өткеннен кейін үміткер биометриялық тексеруден өтеді, бұл тұлғаны ауыстыру мүмкіндігін болдырмайды.
Мемлекеттік корпорацияның басқарма төрағасы Арман Кенжегалиев бұл туралы:
«Екі факторлы аутентификацияның емтихандардағы заңбұзушылықтарды азайтуға көмектесетініне сенімдімін. Сонымен қатар, қызмет алушының жеке деректері сенімді қорғалады», – деп атап өтті.
Бұл жаңашылдық әзірге пилоттық режимде Астанада іске қосылады. Екі факторлы аутентификацияны Қазақстандағы барлық мамандандырылған ХҚКО-ларда биылғы жылдың соңына дейін толық енгізу жоспарланып отыр, бұл жаңа стандартты бүкіл ел бойынша таратуға мүмкіндік береді.