Қазақстандық IT-компаниялар Global Outsourcer 2.0 бағдарламасы аясында $355 034 сомасына 98 экспорттық келісімшарт жасасты
Astana Hub-та халықаралық өсуге және экспорттық әлеуетті кеңейтуге ұмтылған қазақстандық IT-компанияларды қолдауға бағытталған Global Outsourcer акселерациялық бағдарламасының екінші легінің қорытындылары шығарылды. Үш ай ішінде бағдарламаға қатысқан 15 компания АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Канада, БАӘ, Австралия және басқа да 24 елден келген клиенттермен $355 034 сомасына 98 экспорттық келісімшарт жасасты.
Бағдарлама Upwork платформасында және басқа да халықаралық нарықтарда лидогенерация және сату дағдыларын дамытуға бағытталған. Қатысушылар 8 дәріс, 14 мастермайнд, 50-ден астам стратегиялық сессиядан тұратын қарқынды курстан өтті және трекерлер мен сарапшылардың жеке қолдауын алды. Бұл тәжірибе оларға халықаралық деңгейде клиенттерді іздеу және мәмілелер жасау әдістерін меңгеруге мүмкіндік берді.
Еске салсақ, 2023 жылы Global Outsourcer бағдарламасының бірінші легіне қатысушылар АҚШ, Канада, Еуропа, Түркия және Австралия сияқты нарықтарда өз позицияларын нығайта отырып, 27 елдің клиенттерімен $158,000-нан астам сомасына 69 келісімшарт жасаған болатын.
Global Outsourcer 2.0 бағдарламасы қазақстандық IT-компаниялардың жоғары бәсекеге қабілеттілігін және олардың жаһандық аренада әрі қарай кеңеюге дайын екенін тағы да дәлелдеп, қол жеткізген табыстарды нығайтып, жаңа халықаралық келісімдерге негіз қалады.