Мотивацияны қалай қалпына келтіруге болады?

Ұзаққа созылған демалыстан кейін жұмысқа қайта оралу көп адам үшін қиындық тудыратыны рас. Хаттар мен тапсырмаларға толы алғашқы жұмыс күні бірден мотивацияны төмендетеді. Дегенмен көңіліңізді түсірмеңіз, бұл қалыпты жағдай, сіз жалқау емессіз, бұл – бейімделу кезеңі. Бүгін демалыстан кейін жұмысқа қиналмай, жеңіл оралуға көмектесетін кеңестермен бөлісеміз.
Неліктен демалыстан кейін тапсырмаларды орындау қиын
Кейде демалыстан кейін қызметкер күш-жігердің орнына, мазасыздықты, немқұрайлылық пен босаңсуды сезінеді. Бұл жағдайды батыс психологтары демалыстан кейінгі блюз (post vacation blues), ал бізде демалыстан кейінгі депрессия деп атайды.
Демалыстан кейінгі депрессия немесе демалыстан кейінгі синдром ауру немесе медициналық диагноз емес. Бұл демалыстан кейін жиі пайда болатын жағдай. Негізгі белгілері: мазасыздық, жұмысқа назар аудармай және төмен болуы, ұйқысыздық, нашар тәбет, ашуланшақтық, мотивацияның болмауы, шаршау.
Жалпы таныс ортаны өзге ортаға өзгерту күйзеліске әкеледі. Ал, сіз жұмыстан демалысқа, демалыстан жұмысқа шыққанда ми оны жаңа, ерекше жағдай ретінде қабылдап, күйзеліске ұшырайды. Сондықтан бірден жұмысқа кірісіп кету өте қиын.
Демалыстан кейін өзіңізді жұмысқа дайындау жолдары
1. Демалысты дұрыс аяқтаңыз
Демалыстың соңғы күні мейрам сияқты емес, бейімделудің алғашқы қадамы болуы керек. Соңғы кеште ерте жатып, келесі күнге жоспар құрып көріңіз. Осылайша сіздің ағзаңыз да, санаңыз да жұмыс режиміне біртіндеп қайта бейімделе бастайды.
2. Жұмыс күнін сәрсенбі не бейсенбіге жоспарлаңыз
Мүмкіндік болса жұмысқа аптаның ортасында оралған жөн. Бұл қысқа аптамен бастауға және жүктемені біртіндеп арттыруға мүмкіндік береді. Екі-үш күн ішінде сіз қайтадан қалыпты режимге түсесіз.
3. Жұмыс орнын ретке келтіріңіз
Көңіл күйіңізді көтеру үшін үстеліңізді тазалаңыз, керек емес қағаздарды тастаңыз, жаңа кеңсе құралдарын алыңыз. Бұл қарапайым әрекеттер де мотивацияны арттырады.
4. Кесте құрып, басымдықты дұрыс қойыңыз
Бірден барлық тапсырмаға кірісудің қажеті жоқ. Күнделікті жоспар жасап, алдымен маңызды және жеңіл тапсырмаларды орындаңыз. Бұл қайтадан өнімді болуға жол ашады.
5. Кішкентай жетістіктерден мотивация жинаңыз
Кейде тек бір тапсырманы орындап тастау да мотивацияны арттырады. Сондықтан өзіңізге мақтау айту мен кішкене сыйлықтар жасаудан қашпаңыз.
6. Жағымды нәрселермен айналысыңыз
Жұмыстан кейін хоббиіңізбен айналысыңыз, достарыңызбен кездесіңіз, спортпен шұғылданыңыз. Тепе-теңдік – күйіп кетудің басты алдын алушысы.
7. Өзіңізге мейірімді болыңыз
Бірінші күннен супер өнімді болу міндетті емес. Өзіңізді салыстырмаңыз, жай ғана қайта бейімделуге уақыт беріңіз. Көңіл-күйіңізге, ұйқыңызға, денсаулығыңызға мән беріңіз.
Демалыстан кейін жұмысқа қайта оралу – бұл қалыпты процесс. Ең бастысы – өзіңізді түсіну және асықпау. Уақыт өте келе бұрынғы қарқыныңызға қайта келесіз. Ал жоғарыдағы кеңестер бұл жолды жеңілдетуге көмектеседі. Сіз демалыстан кейін қалай бейімделесіз?