Желсіз күнде желісіз қалған "Әлем"

Желсіз күнде желісіз қалған "Әлем"

Әлем бойынша Windows жүйесі бар құрылғылардың пайдаланушылары операциялық жүйенің дұрыс жұмыс істемеуі туралы дабыл қақты. Яғни Microsoft операциялық жүйесіндегі ақау салдарынан әлемдегі кейбір әуежайлар мен банктерде IT қызметтері тоқтаған. Мамандар операциялық жүйе қайта жүктеліп, өлімнің көк экранын көрсетуі мүмкін екенін айтуда.

Microsoft Azure бұлтты сервисіндегі деректерді сақтау платформасының дұрыс жұмыс істемеуі салдарынан АҚШ, Австралия, Испания, Германия және басқа да еуропа елдерінің әуежайларының рейстері тоқтатылды. Ұшу рейстерін тоқтата тұруды Turkish Airlines компаниясы да жариялап отыр.

Сондай-ақ британдық Sky News пен үнділік Times Now телеарналары да желіден ажыратылған. Ал Amazon және Visa пайдаланушылары жеке кабинеттерге кіре алмай әлек.

Олқылықтың орын алуына CrowdStrike бағдарламалық құралының жаңартуы және оның Microsoft қызметтерімен әрекеттесу кезіндегі қателік себеп болуы мүмкін. Бұл жөнінде Мicrosoft «жеңілдету шараларын» қолданып, мәселені анықтадық деп отыр. Осылайша әлем бойынша кейбір төтенше жағдайлар қызметтері мен банктер, желсіз күнде желісіз қалып отыр.

Ал жаһандық сәтсіздікке байланысты ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі қазіргі уақытта жеке инфрақұрылымдардың жұмысында және мемлекеттік IT қызметтерінде ақаулар тіркелмегенін айтады.

"Ешқандай шағым түскен жоқ, барлық жүйелер қалыпты жұмыс істеп тұр. Елдегі инфрақұрылым жұмысы мен ІТ қызметі ерекше бақылауда», - делінген министрлік жауабында.

  TSARKA қолдауымен