Кейінге қалдыру жалқаулық па?

Кейінге қалдыру жалқаулық па?

Еріншектің ертеңі бітпес деген сөзді жиі естуші едік. Қазір бұл психологиялық  термин десем сенесіз бе? Түсіндірейін. 

Прокрастинация дегенді естігенсіз бе, бұл адамның маңызды істерді кейінге қалдыратын мінез-құлқы, былайша айтқанда ертеңі бітпейтін еріншек адам, бірақ жалқау емес. Жалқаудан басты айырмашылығы жұмысты істегісі келеді, бірақ бастай алмайды, ерінеді, қорқады. Бұл әдет уақытты тиімді пайдалануға кедергі келтіріп, өнімділікті төмендетуі мүмкін. Мысалы, жұмыста, сабақта сізге маңызды тапсырма берді. Сіз оны өткізетін күнге дейін созып жүресіз, уақыт таяғанда тыпыршисыз. Егер осы әдет қайталана берсе, бұл прокрастинация, істі кейінге қалдыру.

Прокрастинация себептері

Көптеген адамдар прокрастинацияны уақытты басқару дағдыларының жетіспеушілігімен байланыстырады. Алайда, бұл құбылыстың тереңірек себептері де бар. Мотивацияның төмендігі, қорқыныш немесе сәтсіздікке ұшырау сезімі де прокрастинацияға әкелуі мүмкін. 

Психолог маман Баян Нұрғалиеваның айтуынша мұндай адамдар өздеріне тым талапшыл. 

«Олар нағыз перфекционистер, істі мінсіз етіп орындағысы келеді, сол себепті бастаудан қорқады, өйткені орындай алмаймын деп қорқыныш тұрады. Сонымен қатар жұмыстың нәтижесі өзі күткенге сәйкес келмеуі мүмкін деген сезім тапсырмаларды кейінге қалдыруға мәжбүрлейді», – дейді ол. 
«Қызметкердің физикалық немесе психикалық шаршауы, қиын және түсініксіз, мүмкін емес тапсырмалар, өзінің еңбек функцияларын орындау үшін дағдылары немесе білімінің жеткіліксіздігі қызмметкердің прокрастинацияға ұшрауына себеп болады», - дейді AlmaU жоғары бизнес мектебінің аға оқытушысы Ирина Виговская.

 Прокрастинациямен қалай күресуге болады: нұсқаулық

Өзіңізге қалай көмектесуге болады. Психолог Баян Нұрғалиевадан бірнеше кеңес: 

• Тапсырмалар тізімі: Барлық тапсырмаларды жазып, оларды кішігірім қосымша тапсырмаларға бөліңіз. Осылайша тапсырмаларды басқару жеңілдейді. Ең маңыздысы – сіздің назарыңыз, сондықтан миды шамадан тыс жүктемеден босату керек.

• «Помодоро» әдісі:  25 минут жұмыс істеп, содан кейін 5 минут үзіліс жасаңыз. Бұл ойды жинақтауға және шаршаудан аулақ болуға көмектеседі. Бұл әдісте интеллектуалдық белсенділіктің көтерілу кезеңін пайдалану өте маңызды, яғни тапсырмаларды негізінен таңғы 7-ден 11-ге дейін және 16:00-ден 20:00-ге дейін орындау ұсынылады.

• Мерзімдерді белгілеу: Өзіңізді жұмысты бастауға мәжбүрлеу үшін дедлайнды «ыңғайлы» етіп қойыңыз, бәрін бір күнде үлгеруге тырыспаңыз.

Бізден кеңес: 

Біріншіден, қанша қиын болса да, мәселені мойындаңыз және өзіңізді аяңыз. Прокрастинация жалқаулық емес, күйзелістің салдары, мотивацияның аздығы. Бір нәрсені кейінге қалдырғаныңыз үшін өзіңізді жазғырмаңыз, бұл уайымыңызды одан сайын күшейтеді.

Екіншіден, кедергі келтіретін кез келген нәрсені алып тастаңыз. Телефоныңыздағы хабарландыруларды өшіріңіз, ыңғайлы орындық, мотивациялық сөздер, бір кесе шай жұмысқа көмектеседі.

Үшіншіден, өзіңізді мақтаңыз. Ұзақ уақыт бойы кейінге қалдырып, соңында орындалған тапсырма - бұл өзіңізді қуантуға себеп. Кофе ішіңіз, серуендеңіз, достарыңызбен уақыт өткізіңіз, сіз оған лайықтысыз.

Қызметкерлерге қалай көмектесеміз, басшылық не істеуі керек

AlmaU жоғары бизнес мектебінің аға оқытушысы Ирина Виговская:

• Қызметкерлердің шаршау деңгейін алдын ала тексеру; көңіл-күйін, жұмысқа көңілі толады ма бағалау, сонымен қатар үнемі білім алуын ұйымдастыру. 

• Шаршаудың алдын алу үшін қызметкерлерге қандай құралдар мен технологиялар көмектеседі десеңіз  - Well-being (қызметкерлердің денсаулығын қорғау әдістемесі), ал бағалау және аттестациялау үшін BesPro (менің ойымша, қызметкерлерді жеке қасиеттеріне, жеке құзыреттері үшін арнайы бейімделген,  жасырын ресурстарына негізделген тестілеудің ең жақсы әдістемелерінің бірі) ұсынамын.     

Прокрастинацияны жеңу – бұл жеке және кәсіби өмірде табысқа жетудің маңызды қадамы. Әрекетке көшуге дайын болыңыз және уақытты тиімді пайдалану арқылы өзіңіздің әлеуетіңізді толық ашыңыз.

TSARKA қолдауымен